15 мамыр — Халықаралық отбасы күніне орай Ақтөбе қаласындағы №39 орта мектеп-лицейінде «Толағай» отбасылық эстафеталық сайысы өтті.
Отбасы құндылықтарын дәріптеу, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, сондай-ақ отбасыларды спортқа баули отырып, ұйымшылдықты, татулықты және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен іс-шараға Ақтөбе қаласындағы алты мектептен келген топтар қатысты.
Олардың қатарында №1, №4, №38 орта мектептерінен, №27, №39 орта мектеп-лицейлерінен және Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназиядан келген «Top One», «Бірлік», «Қыран», «Серпін», «Шаңырақ» сынды отбасылық топтар бар. Әр топта ата-ана және бастауышта, орта буында оқитын екі баладан болды. Сайыс қатысушылары топ атауын, ұранын айтып, өздерін таныстырғаннан кейін сапқа тұрып, эстафеталық таяқшамен жүгірді. Одан соң «Икемділер мен шапшаңдар» сайысы, «Ептілікті іске қосайық» кезеңдері ұйымдастырылды. Шарды үру арқылы стакандарды алып келу, теннис ракеткасымен шарикті түсірмей межелі жерге жеткізу секілді сайыстарда жылдамдық, ептілік, ұйымшылдық пен тапқырлық танытқан командалар «Туннель» сайысында да, батутпен секіру, арқан тартыс сайысында да өліспей беріспеуге тырысты.
— Сайыс Халықаралық отбасы күніне орай және «Заң және тәртіп» тұжырымдамасыаясында ұйымдастырылып жатыр. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану, ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайту, құқықбұзушылықтың алдын алу және отбасы құндылықтарын дәріптеуді мақсат тұттық. Жалпы, қазіргі таңда мектебіміз ата-аналармен тығыз байланыс жасап отырады. Осындай іс-шара өтеді деп хабарлаған бойда қатысуға ниет етіп, белсенділік танытқандар көп болды. Бұл да ата-аналардың баланың сабақтан тыс уақытына көңіл бөлетіндігінің көрінісі, — дейді №39 қазақ орта мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарыБекзат Батырғалиев.
Жарысқа қатысушы топ мүшелері де жеңіске ниет етіп, бекініп келіпті. Солардың бірі — Жеңіс Жұмабековтің отбасы.
— Балаларымызбен бірге «Толағай» отбасылық сайысына келдік. Қызымыз Айзере — 6-сыныпта, ұлымыз Алдияр 2-сыныпта оқиды. Балаларымыз да спортқа жақын: қызымыз волейболмен, ұлымыз футболмен айналысады. Мұндай іс-шаралар отбасы мүшелерін бір іске, бір мақсатқа жұмылуына тәрбиелейді, ата-анаға балаларымен бірге тиімді де қызықты уақыт өткізуге мүмкіндік береді. Бұрын да осындай отбасылық жарыстарға қатысып, екі рет бас жүлде, бір рет бірінші орын алғанбыз, — дейді ол.
Жарысқа қала мектептерінің денешынықтыру пәні мұғалімдері қазылық етті.
Жеңімпаздар қалалық білім бөлімінің Алғыс хаттарымен, медальдармен және кубокпен марапатталды.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ
