Түркі мемлекеттері ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Түркі мемлекеттері ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс. Бұл туралы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Фото: Ақорда
— Біз халықаралық геосаяси ахуал аса күрделі және құбылмалы дәуірді бастан кешіріп жатырмыз. Әлемдік және аймақтық деңгейдегі бәсеке күшейіп барады. Қарулы қақтығыстар, соғыстар толастар емес. Мұның бәрі әлем экономикасына кері әсер етіп жатқанын бәріміз көріп отырмыз, — деді Президент.
Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы жағдайдың салдарын көршілес аймақ елдері де сезіне бастағанына назар аудартты.
— Осындай алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы өте маңызды. Себебі, халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар. Қазіргі таңда түркі елдері заман талабын ескеріп, экономика және инвестиция саласындағы ықпалдастықты нығайтуы керек. Ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс деп санаймын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Түркістанда Түркі өркениеті орталығы құрылатынын жазған едік.
https://kaz.inform.kz/news/turk-memleketter-ortak-mudde-zholinda-kush-zhumildiruga-tis-prezident-bd083e12
