"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Мәдениет

Президент тарихи нысандарға қасақана зиян келтіру жағдайларына алаңдаушылық танытты

АСТАНА. KAZINFORM — Жабайы жүріс-тұрыс пен тұрпайы тағылыққа, яғни вандализмге түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Бұл туралы Ақордада мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

 

Президент тарихи нысандарға қасақана зиян келтіру жағдайларына алаңдаушылық танытты
Фото: Ақорда

— Біз ойы озық, өркениетті ел боламыз десек, ең алдымен қоғамдағы кез келген мәдениетсіз әрекетке, жабайы жүріс-тұрыс пен тұрпайы тағылыққа, яғни вандализмге түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Өкінішке қарай, соңғы уақытта тарихи және мәдени нысандарға қасақана зиян келтіру жағдайлары жиілеп кетті, — деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында болған келеңсіздікті мысалға келтірді.

— Мысалы, жақында ғана Маңғыстау обысының Ыбықты сай шатқалында болған оқиға бойынша тиісті өкілетті органдар қатаң қорытынды шығаруы керек. Біз тұтас қоғам болып осындай заңсыз әрекеттерге үзілді-кесілді қарсы тұруымыз қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Президент дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген өнерпаздарға «Алтын мұра» ұлттық сыйлығын тағайындайтынын жазған едік.

https://kaz.inform.kz/news/prezident-tarihi-nisandarga-kasakana-ziyan-keltru-zhagdaylarina-alandaushilik-ta-ee0b1265