Қоғамның тұрақты дамуы мен ел игілігі жолында мемлекеттік қызметшілердің атқаратын рөлі ерекше. Мемлекет пен халықтың арасындағы алтын көпірге айналған бұл салада өз ісіне адалдық танытып, туған өлкесінің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі — ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметтің жауапты жүгін абыроймен арқалап келе жатқан тәжірибелі маман Ләззат Аймұханова.
Бүгінде ол Хромтау қаласы әкімі аппаратының бас маманы қызметін атқарады. Осы өңірдің перзенті. Туған жерге деген сүйіспеншілік, елге қызмет етуге деген ұмтылыс оның өмірлік ұстанымына айналды. Жастайынан жауапкершілікті серік еткен ол өз болашағын мемлекеттік қызметпен байланыстыруды мақсат тұтты.
2008 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін мемлекеттік және жергілікті басқарумамандығы бойынша тәмамдап, жоғары білім алды. Сол кезеңде бұл жаңа ашылған мамандықтардың бірі болатын. Ләззат Елеусізқызы бұл бағытты саналы түрде таңдағанын ерекше ықыласпен еске алады.
— Университетке құжат тапсыруға барған кезде жаңадан ашылып жатқан мемлекеттік және жергілікті басқарум мамандығы туралы білдім. Сол сәтте-ақ бұл бағыттың маған жақын екенін сезіндім. Еліме қызмет ететін мамандық болғандықтан, еш ойланбастан таңдадым, — дейді ол.
Жоғары оқу орнын аяқтаған соң туған қаласы Хромтауға оралып, еңбек жолын бастауға бел буды. 2009 жылы Хромтау қаласы әкімінің аппараты жариялаған конкурсқа қатысып, бас маман қызметіне қабылданды. Осылайша оның мемлекеттік қызметтегі алғашқы қадамы басталды.
Алғашқы жылдары ол қаланың коммуналдық шаруашылығы мен тұрғын үй саласына қатысты мәселелермен айналысты. Көпқабатты тұрғын үйлердің қызметін ұйымдастыру, тұрғындардың тұрмыстық мәселелерін шешу секілді жауапты бағыттар оның міндетіне кірді. Жас маман ретінде әр іске мұқият қарап, кәсіби тәжірибесін шыңдай білді.
Уақыт өте келе қызметтік міндеттері кеңейіп, жаңа жауапкершіліктер жүктелді. Қазіргі таңда ол кадр мәселелерімен айналысып, тұрғындардан келіп түсетін арыз-өтініштердің уақытылы қаралуын бақылап келеді. Сонымен қатар әкімдік жұмысының түрлі бағыттары бойынша жүктелетін тапсырмаларды сапалы орындауға атсалысады.
— Мемлекеттік қызметтің маған ұнайтын тұсы — халықпен тығыз жұмыс жасау. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, олардың түйткілдерін шешуге үлес қосу — үлкен жауапкершілік әрі үлкен мәртебе. Қолымыздан келгенше тұрғындардың өтініштеріне бейжай қарамай, мәселені оң шешуге тырысамыз, — дейді Ләззат Елеусізқызы.
Бүгінде оның мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі он жеті жылдан асты. Осы уақыт ішінде ол бір мекемеде табанды еңбек етіп, кәсіби тәжірибесі мен біліктілігін ұдайы жетілдіріп келеді. Әріптестері оны іскерлігімен, сабырлылығымен және адамгершілік қасиеттерімен құрметтейді.
2009 жылғы 13 сәуірде мемлекеттік қызметшінің антын қабылдаған кейіпкеріміз содан бері мемлекет мүддесіне адал қызмет етіп келеді. Қызметтік міндеттерін атқару барысында мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға өз үлесін қосып келеді.
Қазіргі таңда мемлекеттік басқару жүйесінде цифрландыру мен заманауи технологиялардың маңызы артып келеді. Бұл өзгерістер мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырып, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік беруде.
— Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар мемлекеттік қызметтің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Олар жұмыс үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, азаматтардың мәселелерін жедел әрі сапалы шешуге ықпал етеді. Кез келген мәселені жан-жақты талдап, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Цифрландыру дамыған сайын экономика, білім беру, өнеркәсіп және басқа да салалар қарқынды дамиды. Бұл мемлекеттік қызметтің де сапалы жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады, — дейді ол.
Бүгінде ол Хромтау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындармен тиімді байланыс орнатуға және мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына белсенді үлес қосып келеді. Оның адал еңбегі, кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі жас мемлекеттік қызметшілер үшін өнеге болары сөзсіз.
Мемлекеттік қызмет — халық сенімін ақтауды талап ететін үлкен жауапкершілік. Осы жауапкершілікті абыроймен арқалап, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген кейіпкеріміздің көп жылғы еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Ләззат Елеусізқызы маман ретінде ғана емес, отбасының берекесін келтіріп отырған ардақты ана, аяулы жар. Үш баланы тәрбиелеп отырған ол қызмет пен отбасы жауапкершілігін үйлестіре білген жан ретінде де көпшілікке үлгі.
