2026 жылғы Құрылтайды ұйымдастыру мен өткізудің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздеріне арналған ұйымдастырушыларға арналған оқыту семинары жоғары деңгейде өтті. Іс-шараның мақсаты – сайлау процесін ұйымдастыруға жауапты мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, заңнама талаптарын бірізді қолдануды қамтамасыз ету және алдағы Құрылтайды сапалы ұйымдастыруға дайындықты күшейту.
Семинар барысында сайлау процесін ұйымдастырудың құқықтық негіздері, сайлау комиссияларының өкілеттіктері, дауыс беру күніндегі жұмыс алгоритмдері, сондай-ақ сайлау заңнамасындағы өзекті өзгерістер жан-жақты талқыланды. Қатысушылар тәжірибелік мәселелерді ортаға салып, туындаған сұрақтарына нақты жауаптар алды.
Іс-шараға арнайы қатысқан Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Бүркіталин Асылжан Жаналыұлы сайлау науқанын заң талаптарына сай әрі сапалы өткізудің маңыздылығына тоқталып, ұйымдастырушыларға әдістемелік ұсынымдар мен практикалық кеңестер берді.
Семинардың маңыздылығына тоқталған аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ақназар Дүйсембай мұндай оқыту іс-шараларының тәжірибелік мәні зор екенін атап өтті.
– Бұл семинардың басты ерекшелігі – сайлау процесін ұйымдастырудың құқықтық және практикалық қырлары жан-жақты түсіндірілді. Қатысушылар заңнамадағы соңғы өзгерістермен танысып қана қоймай, дауыс беру күніндегі іс-қимыл алгоритмдерін нақтылап, өздерін толғандырған мәселелер бойынша кәсіби жауап алды. Мұндай кездесулер сайлау комиссиялары мүшелерінің жауапкершілігін арттырып, алдағы Құрылтайды жоғары деңгейде ұйымдастыруға негіз болады, – деді Ақназар Дүйсембай.
Семинар ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өзара тәжірибе бөлісіп, сайлау процесін ұйымдастырудың өзекті мәселелерін талқылады. Осындай оқыту іс-шаралары сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығын жетілдіруге, заңнаманы бірізді қолдануға және Құрылтайды ашықтық пен заңдылық қағидаттарына сай өткізуге маңызды үлес қосады.
