АБАЙ ДАНАЛЫҒЫ – ХАЛЫҚҚА МҰРА
Абайдың сөзі – ұлттың рухани темірқазығы. Ұлы ойшылдың адамды білімге, еңбекке, ізгілікке үндеген тағылымы арада қанша уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Осы асыл мұраны дәріптеп, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында Абай ауылында «Абай даналығы – халық мұрасы» атты тағылымды шара өтті.
Ауылдағы Абай ескерткішінің алдында ұйымдастырылған салтанатты жиын ашық аспан астындағы кітап көрмесімен басталды. Көрмеге хакім Абайдың шығармалары, қара сөздері, ақынның өмір жолы мен шығармашылығына арналған әдебиеттер қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. Бұл күні ескерткіш маңы әдебиет пен өнер тоғысқан рухани алаңға айналды.
Тағылымды басқосуда аудан әкімінің орынбасары Қасымхан Мұстапа сөз сөйлеп, Абай мұрасының қазақ халқының рухани өміріндегі айрықша орнына тоқталды. Ұлы ақынның білім мен ғылым, еңбек пен адамгершілік, бірлік пен елдік туралы ойларының бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде де маңызы зор екенін атап өтті.
Шараның ерекше мазмұнды бөлігі жастардың өнерімен жалғасты. Олар Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқып, ұлы ойшылдың терең мағыналы сөздерін көпшілікке жеткізді. Жас буынның ақын шығармаларына деген ықыласы мен құрметі Абай мұрасының ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанын аңғартты.
Мәдениет үйінің әншілері де ұлы ақынның әндерін орындап, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Абайдың сырлы әуені мен мағыналы жырлары үндескен сәт шараның көркін аша түсті.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Қожабековтің айтуынша, Абай мұрасын насихаттау – ұлттың рухани құндылықтарын дәріптеудің маңызды бағыттарының бірі.
– Абай – халқымыздың ой-санасын жаңа биікке көтерген ұлы тұлға. Оның шығармаларындағы білімге ұмтылу, адал еңбек ету, әділетті болу, елдің бірлігін сақтау секілді құндылықтар бүгін де маңызын жойған жоқ. Біз үшін Абайды дәріптеу – ақын шығармаларын оқумен ғана шектелмеуі керек. Оның өсиетін жастардың бойына сіңіріп, білімді, еңбекқор, елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет. Бүгінгі шарада жастардың Абай өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтып, ақын мұрасына қызығушылық танытуы – рухани сабақтастықтың жақсы көрінісі, – деді Нұрсұлтан Қожабеков.
Расында, Абай мұрасы – бір дәуірдің ғана емес, барша ұрпақтың рухани қазынасы. Ақынның «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген биік адамгершілік ұстанымынан бастап, ғылым мен білімге, талап пен еңбекке үндеген әрбір сөзі бүгінгі қоғаммен үндесіп жатыр.
Абай ауылында өткен тағылымды шараның да басты мәні осында. Ұлы ойшылдың шығармаларын кейінгі буынға жақындатып, жастарды кітап оқуға, ізденуге, ұлттық әдебиет пен мәдениетті құрметтеуге шақыру – рухани тәрбиенің маңызды бөлігі.
Ашық аспан астындағы кітап көрмесі мен әдеби-мәдени шара ауыл тұрғындарына ерекше әсер сыйлады. Бірі Абай кітабын парақтаса, енді бірі жастар оқыған жырларға құлақ түрді. Ал әуелеген Абай әндері жиынның рухани мазмұнын тереңдете түсті.
Абай даналығы – уақытпен өлшенбейтін құндылық. Ұлы ақын қалдырған асыл сөз халқымен бірге жасап, әр буынды білімге, еңбекке, парасат пен адамгершілікке үндей бермек.
