Ақназар ДҮЙСЕМБАЙ,
Хромтау аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары.
23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық Хромтауда жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Бүгінде ауданда сайлау жүйесі толыққанды жұмыс істеп тұр. Аудан бойынша бір аумақтық, 13 округтік және 28 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Жалпы комиссия құрамында 252 адам қызмет атқарады және қазір комиссиялар құрамында бос орын жоқ.
Ауданда 28 сайлау учаскесі орналасқан. Оның 10-ы — Хромтау қаласында, қалғаны — ауылдық округтерде. Қазіргі таңда ауданда 29 067 сайлаушы тіркелді.
Сайлау науқанының ашық әрі сапалы өтуі үшін сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне ерекше көңіл бөлінуде. Барлық учаске ақпараттық стенд, талапқа сай жабдықталған дауыс беру кабиналарымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар көзі көрмейтін азаматтарға арналған үлкейткіш әйнектер, қосымша жарық көздері, құлаққаптар, арнайы трафареттер, қажет болған жағдайда Брайль қарпі және компьютерлер де қарастырылды.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету де басты назарда. Бүгінде аудандағы 28 сайлау учаскесінің 22-сінде пандус орнатылған, ал қалған ғимараттарда оның қажеті жоқ. Барлық пандуста шақыру батырмасы бар. Сондай-ақ автотұрақтарда арнайы орын белгіленіп, ғимаратқа кіреберістен бастап дауыс беру жәшігіне дейін тактильді бағыттағыш орнатылды.
Сайлау науқаны кезінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп екі сурдоаудармашы мен екі инватакси қызмет көрсетеді. Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар үшін заң талапбына сәйкес үйде дауыс беру ұйымдастырылады.
Қазіргі таңда ауданда ерекше қажеттілігі бар 129 сайлаушы тіркелді. Оның ішінде 59 адам арба пайдаланады, 50 адамның көру қабілеті бұзылған, ал 20 адамның есту қабілетінде ерекшелік бар. Барлық сайлау учаскесі бірінші қабатта орналасқан.
Сонымен қатар ауданда кандидаттардың сайлаушылармен кездесуіне 28, ал үгіт материалдарын орналастыруға 21 арнайы орын бекітілді. Хромтау қаласында сайлау ақпараты жарияланатын үш LED экран жұмыс істейді. Бұдан бөлек аудан бойынша 32 ақпараттық баннер дайындалып, оның 13-і қалада, қалғаны ауылдық округтерде орналастырылды.
Сайлаушыларға арналған шақыру билеттері толық алынды. Оларды тарату 7 тамыздан басталады.
Тағы бір айта кететін жайт, Құрылтай сайлауын жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында ауданымызда науқанды ұйымдастырушыларға арналған «2026 жылғы Құрылтайды ұйымдастыру мен өткізудің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздері» тақырыбында оқыту семинары да өткізілді. Басқосуға учаскелік құрылтай комиссияларының төрағалары, олардың орынбасарлары, хатшылары мен мүшелері қатысты. Семинарға арнайы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Асылжан Бүркіталин қатысып, алдағы саяси науқанға жан-жақты дайындықтың маңызы айтылып, Құрылтайды ұйымдастыру барысындағы негізгі міндет, сайлау учаскелерінің әзірлігі, комиссия мүшелерінің жауапкершілігі және заң талабын мүлтіксіз сақтау жайы жан-жақты түсіндірілді.
Оқыту барысында каскадтық әдіс кеңінен қолданылып, комиссия мүшелерін кезең-кезеңімен даярлау жүйесі жүзеге асырылуда. Бұл тәсіл арқылы оқытудан өткен мамандар өз білімдерін төменгі деңгейдегі комиссия мүшелеріне жеткізіп, барлық сайлау комиссиясының бірізді әрі сапалы дайындалуына мүмкіндік жасайды.
Теориялық бөлімнен кейін қатысушылардың білімін бекіту мақсатында Quiz Time интерактивті викторинасы да ұйымдастырылды. Комиссия мүшелері сайлау заңнамасына қатысты сұрақтарға жауап беріп, білімдерін сынады. Практикалық бөлімде қатысушылар рөлдік ойынға қатысып, сайлау процесінде туындауы мүмкін түрлі жағдаятты заң талабына сәйкес шешу жолын талқылады. Топтық жұмыс барысында тәжірибе алмасып, өзекті мәселелер бойынша пікір бөлісті. Семинар соңында қатысушылар тест тапсырды. Мұндай оқыту іс-шаралары мен каскадтық әдіспен өткізілетін семинарлар комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттырып, Құрылтай депутаттарының сайлауын заң талабына сай, ашық, әділ әрі жоғары деңгейде өтуіне мүмкіндік беретіні сөзсіз.
