2024 жылғы Жолдау: егісті әртараптандыру және жаңа өнімділік стандарттары
Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауын және Мемлекет басшысының өзге де тапсырмаларын жүзеге асыру аясында елімізде өсімдік шаруашылығында тиімділікті арттыруға және тұрақты өндірісті дамытуға бағытталған жүйелі өзгерістер жүргізілуде.
Саланың негізгі міндеті – егіс алқаптарын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу. Биыл бидай алқабы 884,6 мың гектарға қысқарып, 12,3 млн гектарды құрады, ал майлы дақылдардың көлемі 1 млн гектарға ұлғайып, 4 млн гектарға жетті. Сонымен қатар қант қызылшасының егіс құрылымын оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде.
«Мемлекет басшысы жыл сайын 150 мың гектарға дейін су үнемдейтін технологияларды енгізуді тапсырған болатын. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл жоспар артығымен орындалып, 158 мың гектарды құрады. Ал биыл су үнемдейтін технологияларға қазірдің өзінде 109,8 мың гектар алқапқа енгізілді. Жалпы су үнемдейтін технологиялар қолданылатын жер көлемі 580 мың гектарға ұлғайды»,
— деді Айдарбек Сапаров.
@KZgovernment