"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
АуылЭкономика

АҒАЙЫННЫҢ ӨНІМІ ӨТТІ

Хромтау аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің ұйымдастыруымен аудан тұрғындары үшін ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Жәрмеңкенің мақсаты — мектепке балаларын дайындайтын ауылдағы ағайынның өнімін өткізу, аудан тұрғындарын нарық бағасынан төмен бағадағы ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету. Әр жәрмеңкеде ауылдық округтер ет, сүт өнімдерімен қатар, жұмыртқа, қант, сұйық май, күріш, табиғи бал сынды тауарларын ұсынды. Осы жолғы жәрмеңкеде Дөң, Никельтау, Қызылсу, Құдықсай, Бөгетсай, Тасөткел ауылдық округтерінен әкелінген 1260 келі сиыр еті, 210 келі қой еті, 100 л сұйық май, 200 кг қант, 250 кг күріш, 36 л сүт, 500 дана құрт, 300 дана жұмыртқа, 30 келі сары май саудаға шығарылды. Сонымен қатар бұл күні аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мұрындық болуымен 100 дана құрт пен 60 дана жұмыртқа көпшілікке ұсынылды.

– Ауданда ауыл шаруашылық тауарлары жәрмеңкесін тұрақты түрде өткізу халықты қолжетімді ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуінің алдын алу, баға тұрақтылығын сақтау мақсатында қолға алынып отыр. Ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, тұрғындарды нарық бағасынан төмен бағада табиғи таза өніммен қамтасыз ету, — дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қойшыбай Рсалин.

Жәрмеңкеге келіп, қажетін сатып алып жүрген қала тұрғындарын да әңгімеге тартқан едік.

– Мұндай жәрмеңкелер халық үшін тиімді. Жергілікті «Хромтау» газетінен осы аптада өтетінін оқып білдім. Ет алуды жоспарлап жүрген едім. Оның үстіне ақшамды жұмсамай, жәрмеңкені күттім, ерте келдім. Өзім қалаған өнімдерімді кезекпен алдым. Баға әрине нарық бағасынан төмен. Қолжетімді. Халықтың сұранысын қамтып отыр, — дейді қала тұрғыны А.Рысмағамбет.

Аудан тұрғындары үшін осындай игі іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ