"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Ауыл

АҚҚҰДЫҚТЫҢ ЖОЛДАРЫ АСФАЛЬТТАЛАДЫ

AQQUDYQ

Аудан басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың ауыл тұрғындарымен кездесуі Аққұдық ауылында жалғасты.

Бекітілген тәртіпке сай, ауыл әкімі алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, халықтың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Аққұдық ауылының әкімі Қайрат Тәшенов өз есебінде бірқатар атқарылған істерге тоқталды.

—  Биыл «Туған жерге тағзым» жобасы аясында орталық саябақта ауыл азаматтарының демеушілігімен «Сүйікті ауылым – Аққұдық» жазбасы орнатылды. Қыс мезгілінде болған дауылды боран әсерінен залал келген мектеп шатырын жөндеу жұмыстары да аяқталды. Сонымен қатар, ауылдағы негізгі екі көшеге асфальт жабындысы төселеді, — деді ол.

Аудан басшысы ауыл әкімінің атқарған жұмыстарына баға беріп, ауыл тұрғындарына  жүйелі жұмыс жоспарларымен бөлісті.

—  Ауыл әкімі атап өткендей қысқы мезгілде боран әсерінен болған қолайсыз жағдайларды шешу мақсатында аудан бюджетінің резервінен мектеп шатыры қалпына келтірілді. Былтырғы жылдың аяғында жаңа медициналық пункттің ашылуы болып, қазір халық соның игілігін көріп отыр. Ал биыл ауылішілік көшелерге тасжол төселіп, сәйкесінше бірқатар көше жолына қиыршық тас төселетін болады. Өздеріңіз сұрағандай, спорттық ойын алаңының да құрылысы бастау алды. Аталмыш нысан да биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда, — деді ол.

Аққұдық ауылының тұрғыны Сабыржан Ноғайбаев қысқы мезгілде қатты боран салдарынан ауыл көшелеріндегі жарықшамдардың сынғанын айтып, қайта қалпына келтіру жұмыстарының барысы жөнінде сұрады. Ауыл әкімі бұл мәселе бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімі арқылы жұмыстанып жатқанын жеткізді.

Кездесу соңында аудан басшысы ауыл әкіміне жол құрылысының сапасы мен жұмыс барысына бақылау жасауды тапсырды.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ