“Ауыл Аманаты” жобасы аясында өзінің кәсібін ашып, ауыл-аймақты ыстық нанмен қамтамасыз етіп отырған жас кәсіпкер Ақмарал Қуатжановамен тілдескен едік.
Көктөбе ауылында орналасқан «Әлия» жеке кәсіп иесі Ақмарал Аманжолқызы өз кәсібін былтыр «Ауыл Аманаты» жобасына қатысып, жылдық үстемеақысы 2.5 пайызбен несие алып бастаған. Қазіргі таңда күніне 50 дана нан сатып, кәсібін жүргізіп отыр.
— Қазір еңбек етемін деген адамға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар көп. Соның бірі — «Ауыл Аманаты» жобасына қатысып, мемлекеттен жеңілдетілген 2,5 пайызбен
4 338 000 теңге несие алып, ауылымнан шағын наубайхана ашып, өз кәсібімді бастадым. Қаражатты нан пісіретін пеш, 90 дана қалып (нан формасы), шикі қамыр араластырғыш (тестомес), нанның тез көтерілуіне арналған құрылғы, түтін тартқыш, піскен нанды жинауға арналған стеллаж, қамырды илеуге, дайындауға арналған жұмыс үстелі, қамырды салуға арналған арнайы табақтар мен противеньдер, электронды таразы сияқты керек-жарақтарымды алуға жұмсадым, — дейді жас кәсіпкер Ақмарал Қуатжанова.
Шағын ауылда кәсіппен айналысып отырған Ақмарал кәсібін әрі қарай дамытып, Көктөбені ғана емес, Көктау ауылының тұрғындарын да нанмен қатар, нан өнімдерімен қамтамасыз етуді жоспарлап жүр. Алайда кәсібін енді бастаған жас кәсіпкерге әлі де қолдау мен көкмек қажет.
— Көктау ауылынан жеке дүңгіршек ашып, нан мен нан өнімдерімен қамтамасыз еткім келеді. Көктөбе шағын ауыл, тұрғындар саны да аз болғасын, өнімнің өтуі де төмен. Одан шығынды жабу қиындау. Ұнды қаладан әкелемін. Ол да қосымша шығын. Өткен жылы ұнды жеңілдікпен алуға көмек беріледі деп еді. Өкінішке қарай хабар болмады. Кәсіптің де өзіндік қиындығы бар. Жас кәсіпкер ретінде шикізатты арзан бағамен алуға мүмкіндік жасалса деген ұсынысым бар, — дейді кәсіпкер.
«Еңбектің наны тәтті» демекші, наубайханадан нәпақа тауып отырған жас кәсіпкердің жұмысына ауылдастары риза.
Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА.