"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Ауыл

АУЫЛҒА КӨМЕК

Ауданда қар аршу жұмыстары жалғасып жатыр. Шалғайдағы ауылдардың көлік жолдарын, көшелерді таза ұстауға өндірістік кәсіпорындар да көмектесуде.

Солардың қатарындағы Ақтөбе мыс компаниясы қыста Көктау, Аққұдық, Майтөбе ауылдарының қарын аршуға арнайы техникалар бөледі. Жергілікті тұрғындар сөзінше, жолдар уақытылы тазартылып тұрады. «Жолдардың ашық, таза болғаны жаяу жүргіншілерге де, көлікке де жақсы. Қалың қар жауып, боран соқса да тұрғындар қозғалысы шектелген емес. АМК ол жағынан үнемі көмектесіп тұрады», – дейді Көктау ауылының тұрғыны Бөкенбай Омаров. Ауыл тұрғынының айтуынша, Ақтөбе мыс компаниясы бұдан да бөлек бірқатар істерді атқаруға өз септігін тигізіп келеді. Бұған дейін ескі әкімдік ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, медициналық мекеме ретінде жабдықтап, пайдалануға берген компания жедел жәрдем көлігін де табыстаған. Биыл ауылдың 3 км көшесіне қиыршықтас төсеп, көктаулықтардың сұранысы бойынша, 20 млн теңгеге екі қорымды қоршап берген. Сонымен қоса ауылдың екі бөлігіне де воркаут орнатқан. Ал ауылдың ұсақ-түйек шаруасына техникамен көмек көрсету – АМК-ның күнделікті жұмысына айналған.

Кәсіпорын қолдауымен ауданның жоғарыда аталған ауылдық округтерінде сондай-ақ, көктайғақ пен су тасқынына қарсы іс-шаралар да жасалып жатыр.

– Ақтөбе мыс компаниясы айналасындағы ауылдық округтерге тұрақты түрде қол ұшын беріп келеді. Мәселен, қыс мезгілінде жолды қардан тазартуға және көше жолдарын кеңейтуге жәрдемдессе, жаз айларында далалық өртті сөндіруге, өрттің өршуінің алдын алуға техника бөледі. Сонымен қатар көктемде өткелге құм төсеп, жолды су шайып кетудің алдын алу жұмыстарына да өз үлестерін қосып келеді. Өткен жылы су бөгетін қалпына келтіріп, футбол алаңын жарықтандырып берді. Бұдан бөлек айтулы мерекелерде ауылдың зейнеткерлері мен бүлдіршіндеріне сыйлық үлестіруді де естен шығармайды, – дейді Көктөбе ауылдық округінің әкімі Арыстанғали Зингин.

Компания шарапатын көріп отырған ауылдардың бірі – Аққұдық. Бұл ауылдың жолын тазартуды АМК өз міндетіне алған.

– Ақтөбе мыс компаниясының қар аршу жұмыстарына техника бөлуі – аудан бюджетінің үнемделуіне қосқан үлесі деуге болады. Себебі, өзге ауылдардың жолдарын тазартуға бюджеттен қаржы қарастырылады. АМК-ның арқасында бұл мәселе Аққұдық ауылында өз шешімін тапқан. Ауылдың төрт түлігі жазғы жайылымға шыққандағы ең өзекті мәселе – оларды суару еді. Өйткені ауылдың аумағында мал ішетін су жоқ. Өткен жылы компания басшылығының атсалысуымен екі бөгет жасалып, мәселе түбегейлі шешілді, – дейді Аққұдық ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ғабдулғазиз Жанұзақов. – Фарит Суфьянов бастаған компания басшылығы биыл көктем шыға, футбол алаңын жарықтандырып беруді де өз мойындарына алып отыр.

Ақтөбе мыс компаниясының әлеуметтік жауапкершілігінің аясында іргелес жатқан ауылдарға көмек қолын созуы әлі де жалғаса бермек.

Қуандық РЕЙМОВ

ПІКІР ЖАЗУ