"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
АуылЖаңалықтар

БӨГЕТТЕР МЕН ЖОЛДАР ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛІП ЖАТЫР

Ауданда су шайған жолдар мен бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті.
Қызылсу ауылдық округінің орталығы Сарысай ауылының маңындағы су өткізгіш құбырларын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген болатын. Ауыл әкімшілігімен бірлесіп қызмет атқарған «Базальт-А» ЖШС-нің қызметкерлері де арнайы техниканың күшімен құбырлар арнасын кеңейтіп, жолды қайта қалпына келтірді.
Көктемгі су тасқыны кезінде аудан аумағында бірнеше ауылдық округті су басу қауіпі төніп, ауыларалық жолдардың бетін және бөгеттерін су шайған жағдайлар тіркелген болатын. Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов барлық жағдайды жеке назарына алып, төтенше жағдайлар бөлімімен төнген қауіп-қатердің алдын алу шараларын жүргізді. Алдымен, Көктөбе ауылының Көктауға қатынайтын күретамыр жолдың жағдайына алаң болған аудан басшысы жергілікті кәсіпорынмен бірлесіп, арнайы техника мен инертті материалдар арқылы жолды нығайту жұмыстарын уақытылы жасап, қауіпті сейілте білді. Бұл шаралардың барлығы жеделдікті талап еткендіктен, уақытпен санаспай, барлық күштік құрылымдар жұмылдырылған болатын. Одан бөлек, тұрғындар мен төрт-түлікті көшіріп, құтқару жұмыстары шығынсыз сәтті өтті.
Қопа ауылын аудан орталығына байланыстыратын жолдың да бөгетін су шайып, көліктің барлық түріне қатынас үзілген кезде, аудан басшылығы дер кезінде маңызды шешім қабылдап, қажетті материалдармен жолды қайта қалпына келтірген еді.
Биылғы көктем көп дүниеге сабақ болды. Әсіресе, су тасқыны салдарын жоюда техникалық әлеует жетсе де тәжірибенің қажеттілігін көрсетті. Жасанды су қоймаларының қатарын арттыру мәселесі де өзектілігін жоғалтпады. Одан бөлек, сала мамандарын жетілдіру, жаңа жұмыс орындарын ашу, қажетті құрал-саймандармен толықтыру секілді мәселелер жетерлік.

ПІКІР ЖАЗУ