"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
АуылСпорт

БЫЛҒАРЫ ҚОЛҒАП ШЕБЕРЛЕРІ БАС ҚОСТЫ

Бөгетсай ауылындағы спорт кешенінде аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 55 жылдығына орай бокс пен кикбокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері Бақытбек Бөлтеновті еске алуға арналған бокстан облыстық ашық турнир өз мәресіне жетті.

Өңіріміздің барлық ауданымен қоса, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 16 құраманың 182 балғын былғары қолғап шеберлері бірнеше салмақ дәрежесінде жұдырық түйістірді.

Ғұмыры қысқа болса да, үлкен спортта артына өшпес із қалдыра білген Бақытбек Бөлтенов алғаш рет 18 жасында кикбокс спортынан Ақтөбе облысының чемпионы атанып үлгерді. Кейін түрлі республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері қатарына ілігіп, ел құрамасының үздігі болады. Кәсіби мансабын спортпен байланыстырған батыр, нағыз байрақ көтерер бәсекелер алдында қапыда дүниеден өтті. Боксшының жүріп өткен жолы туған еліне мақтаныш. Өскелең ұрпаққа үлгі болған даңқты жерлесіміздің атындағы дәстүрлі доданың ашылу салтанатына аудан басшысы Нұрхан Тілеумұратов қатысып, жас боксшыларға сәттілік тіледі.

— Ауданымызға ғана емес, елімізге бокс және кикбокс спорты арқылы танылған Бақытбек Бөлтенов атындағы байрақты бәсеке — баршаңызға үлкен спортта кәсіби шыңдалуға үлкен мүмкіндік пен сенімді қадам деп білемін. Бокс спорты — еліміздің атын әлемге танытқан, көк туымызды аспандатқан спорт түрі. Бірнеше олимпиада және құрлық чемпиондарымен қатар, Геннадий Головкин, Жәнібек Әлімханұлы сияқты былғары қолғаптың шеберлері бізге ғана емес, әлемге үлгі боп келе жатыр. Өз өңірімізде де бұқаралық спорттың барлық түрі кең етек жаюда. Аудан тұрғындарының 44,1 пайызы спортпен жиі шұғылданады. Ал балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары бұқаралық спорттың 15 түрі бойынша тұрақты жаттығу жасап, жақсы нәтижелерге жетіп жатыр. Мәселен, 2023-2024 оқу жылында спорт мектебінде бокстан жастар арасында 4 бала облыс чемпионы, жасөспірімдер арасында 3 бала облыс чемпионы, 1 бала жүлдегер атанса, осы оқу жылында 5 бала Қазақстан Республикасы спорт шеберлігіне үміткер атағын алды. Осындай керемет жетістіктер төккен тер мен үзіліссіз дайындықтың арқасында деп білемін, — деді аудан басшысы.

Жарыс талаптарына сай шаршы алаңда 2009-2010, 2011-2012, 2013-2014, 2015-2016 жылы туған балалар өзара күш сынасты. Байрақты бәсекенің бас төрешісі аралдық Әбдіразақ Құлмағанбетов әуесқой бокс ережелерінің классикалық үлгіде өткізілетінін алға тартып, барлық төрешілерден әділ болуды талап етті. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберін жарыс барысында біз де сөзге тартқан едік.

— Боксты жанына серік еткен балалар саны жылдан-жылға артып келеді. Соған байланысты бапкерлердің де тәжірибесін шыңдау үшін осындай бәсекелердің жиі ұйымдастырылатыны көңіл қуантады. Әсіресе, жас буын бапкерлер мен төрешілер үшін аккредитациялық біліктіліктің тиімді тұстары жетерлік. Ал ашық турнир жоғары дәрежеде, біріншілік деңгейінде болды деп ауыз толтыра айта аламын, — деді бас төреші.

Төрт күнге созылған турнирдің нәтижесі бойынша аудан құрамасы намысты қолдан бермей, жақсы жетістікке жете білді. Атап айтсақ, ең жас боксшылар арасында — 22 келі салмақ дәрежесінде бөгетсайлық Ырыс Қалбанов жүлделі үшінші орынды иеленсе, Нұрғиса Әнуарбекұлы алтыннан алқа тақты. Одан бөлек, жеті салмақ дәрежесінде жерлестеріміз үздіктер қатарында бола білді, жүлделі болған боксшыларымыз да аз емес.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ