"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
АуылМәдениет

ГҮЛАЙЫМ ДАЙЫНДАҒАН ҮЛПЕРШЕК

Аққұдық ауылында тұратын Гүлайым Иманқұлова құрақ құрап, қыз жасауын тігумен қатар, халқымыздың ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарын да дайындайды.

Аққұдықта туып-өскен Гүлайым он жылдықты тәмамдағаннан соң қазіргі Самара, бұрынғы Куйбышев қаласында медициналық училищеге оқуға түседі. Училищенің соңғы курсында, яғни 1984 жылы ауылдасы, өмірлік серігі Құбайдолла Иманқұловпен шаңырақ көтереді. «1998 жылы кенже баламды босанғаннан кейін, ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункт жабылып, декретте отырған маған кейін мұнда жұмыс істеуге орын болмады. Сөйтіп Аққұдықтағы ауылдық кітапханаға жұмысқа тұрдым. Өйткені сол кездері осы кітапханада 40 жыл еңбек еткен маман зейнет демалысына шығып, сол кісінің орны босады. Себебі менің кітапхана ісі бойынша қосымша оқыған біліктілігім бар болатын», — деді Гүлайым Иманқұлова.

2013 жылы Иманқұловтар отбасында орны толмас қайғылы жағдай болды. Жолдасының мезгілсіз қазасы оның отбасының, ағайын-туыстың қабырғасын қайыстырып кетті. Әсіресе Гүлайымға бұл ауыр соққы болды. «Жолдасым қайтқаннан кейін қатты күйзеліске түстім. Тіпті түнімен көз ілмейтіндей күйге ұшырадым. Бұрын да тігіншілікпен әуестігім болатын. Сол кездері өзімді алдарқату әрі уақыт өткізу үшін тігіншілікті қайта қолға ала бастадым. Екінші жағынан, бұл күйзелістен шығуыма кітапханада түрлі кітаптар оқып, әртүрлі шаралар ұйымдастыруым, ең бастысы — ондағы ұжымның қолдауы үлкен ықпал етті», — деп арпалысқа толы ауыр күндерді еске алған кейіпкеріміз бүгінде бес баладан тараған 24 немеренің әжесі.

Тігіншілік кәсіппен айналысуды алдына мақсат етіп қойған Гүлайымға балаларының қолдауы ерекше болыпты.

— Жарты ставкада еңбек етіп жүрген менің зейнет жасына шығатын уақытым жақындаған шақта балаларым азғантай еңбекақымен кейін мардымсыз зейнетақы тағайындалатынын айтып, жеке кәсіпкерлік ашуым турасында ой салды. Сөйтіп аяқ астынан кәсіпкер атанып, тапсырыс қабылдай бастадым. Бұл істе балаларымның қолдауы ерекше болды. Бұрын қазіргідей базарда қыз жасауы дайын күйде тігіліп, сатылған жоқ. 2013-2014 жылдары арнайы тапсырыспен тігілетін. Жеке кәсіпкерлігімді осылай жүргізіп отырдым. Оның үстіне қой жүнінен ешқандай проблема болған жоқ, ол жағынан Аққұдықта жеке шаруашылығы бар қайныларым қамтамасыз етіп отырды. Әсіресе, жамылғы көрпелерді жүннен жасап, сатып отырдым. Құрақ құрадым, — дейді Гүлайым Иманқұлова.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ауыл кітапханасында аз уақыт еңбек еткен Гүлайым сол кездің өзінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, байқауларға қатысыпты. Соның бірі — Наурыз мерекесі тұсында ұйымдастырылған «Ұмыт болған ұлттық тағамдар» атты байқау. Осы байқауда оның бас жүлдеге ие болуына — кез келгеннің есіне түсе бермейтін, халқымызда ұмыт бола бастаған үлпершек атты тағамды дайындауы көпшіліктің көңілінен шыққан.

— Үлпершек — тұрмыс құрған қызына анасының соғымнан сыбаға ретінде дайындайтын тағамы. Ең бастысы — бұл ұлттық тағам. Үлпершекті дайындаудың да өзіндік әдісі бар. Кезінде мал жүрегінің сыртындағы қаптамадан, яғни үлпершектен ата-бабамыз дәмді тағам дайындаған. Оны дайындау үшін екі жағындағы құлақшаны кесіп алып, қаны әбден сорғыған жүректің жіңішкелеу жағын тіліп, ішіне ұсақтап туралған ет пен іш май тығылады. Содан соң тілінген жағы мұқият тігіледі. Қазанға салып үстіне су құйып, тұз қосып қайнатады. Суығаннан кейін қиялап турап табаққа салып, бетін көк жуамен әсемдейді. Ал мен байқауға бұл тағамды үлпершектің өзінен дайындадым. Ет пен майдың ең жақсысын тұздап, бұрыштап, жүрек қабына салып, тіктім. Кейін еттің наны мен картобын пісіріп, үстіне үлпершекті жарып жібергенде, табақ толы ет болды. Жалпы біз жүректен көбінесе қуырдақ сияқты тағамдарды ғана дайындап жатамыз. Ал жүректен осындай керемет ұлттық тағамымыз дайындалатынын бүгінде бірі білсе, бірі білмейді, — дейді Гүлайым Иманқұлова.

Әңгіме арасында ол соңғы кездері ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарымыздың бірі — уыз жайында да сөз қозғады. Жаңа төлдеген малдың ең маңызды сүті — уызды әркім әрқалай дайындайды. Кейіпкеріміз мұның да жасалу жолымен бөлісті. — Кезінде бабаларымыз жаңа туған малдың алғашқы 3-5 тәуліктегі осы сүтін пайдаланып, уыз тағамын дайындаған. Сары уызды енді ғана төлдеген малды бірінші рет сауғанда алады. Ал бір тәулік өткен соң сүттің маңыздылығы кеміп, ақ уыз пайда болады. Өз басым уыз сүтін екі түрлі қайнатамын. Біріншісіне тары салып қайнатсам, екінші сүтті қайнатып, қатырып қоямын. Уыз да қазір ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарымыздың біріне айналды, — деді Г.Иманқұлова.

Бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған аяулы ана, сүйікті әже Гүлайым Иманқұлованың ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, насихаттау мақсатындағы мұндай ісі келіндеріне үлкен өнеге. Ол балаларының қолдауымен осыдан екі-үш жыл бұрын қасиетті Мекке қаласында кіші қажылығын өтеп келіпті.

Ләззат ӘБДІРОВА

ПІКІР ЖАЗУ