"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Ауыл

ҚАРЛАУЛЫҚТАРДЫҢ ҚУАНЫШЫ

 

 

 

 

 

Ауылдың дамығаны елдің де алға жылжығаны деп білеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін еліміздегі ауылдар толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етілуі керек деген тапсырмасы аймақта жүйелі орындалып жатыр. Жақында Бөгетсай ауылдық округіне қарасты Қарлау ауылында газ құбыры іске қосылды.

Қарлау елді мекенінде газ құбырын іске қосу рәсімі салтанатты түрде өтті. Шараға аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов, аудандық мәслихат басшысы Елмұрат Болатов, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Болат Ашабаевтар қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

— Бұл — ауданымыз үшін үлкен мереке. Жалпы сомасы 198 миллион теңгені құраған газ құбырының ұзындығы — 18,9 шақырым. Жобаны жүргізген мердігер мекеме «Казпромстройгрупп» серіктестігіне жоспарлаған межеден бір ай ерте аяқтаған ұжымға алғысымды білдіремін. Ал бұған дейін ауыл тұрғындары үшін ең өзекті мәселе болған көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша аудан көрсеткіші Қарлау ауылын есептегенде 98,8 пайызға көтерілді, — деді аудан басшысы.

Шарада ауыл ақсақалы Жұмабай Бекмағанбет:

— Жайлы өмірді кім қаламайды дейсіз. Қарлауға кірген газ құбыры арқасында енді ауыл өмірі жанданары сөзсіз. Осы бастаманың айналасында жүріп, қолдау білдірген барша ел азаматтарына және аудан, облыс басшылығына ауыл тұрғындары атынан алғыс білдіремін, — деп батасын берді.

Алдағы уақытта тұрғындар саны аз елдім екендер бойынша да газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі жүргізілетін болады.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ