Қопа ауылына халықпен кездесуге арнайы барған аудан басшысы Нұрхан Тілеумұратов алдымен ауыл әкімі Айгүл Бусурманованың алты айда атқарылған жұмыстарының қорытындысы мен алдағы жоспарын тыңдап, ауыл тұрғындарының сауалдарына заң аясында жауап берді.
— Биыл Қопада ауылға кіребіріс жол, 12 шақырым ауылішілік жол, 2,5 шақырымдық Қопа және Тамды аралығындағы жол мен 4 шақырымдық қоқыс палигонына апаратын жол қардан тазартылды. Сонымен қатар 26 шақырымдық «Самара — Шымкент» тас жолына дейінгі жер жол қардан тұрақты тазартылып отырды. Мердігердің техникасынан бөлек қосымша техникалар жұмысқа тартылды. Қыс мезгілінде қар түсімі көп болғандықтан, көктемде су тасқыны болып, салдарынан электр желілері бағаналары құлады. Қопа мен Тамды арасында төрт апта қатынас болмады. Аудан әкімі Нұрхан Жасұланұлының басшылығымен «ЮжПромСнаб» мердігер мекемесінің көмегімен Қопа-Құдықсай жолының суағарларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ көпірге 33 техника қиыршық тас төселіп, көпір жолы ретке келтірілді. Қызыл қазан желілік өндірістік газ құбырлары мекемесінің көмегімен Тамды ауылында жеке үйлердің мал қораларын су басудың алдын алу шаралары жүргізілді. Нәтижесінде су тасқыны уақытында үйлерді, ғимараттар мен мал қораларын су басу фактісі тіркелген жоқ. Округке қарасты Тамды ауылында тұрмыстық қалдықтар төгу орыны анықталып, жеке кәсіпкер «Ақжол» мекемесінің техникаларымен қоршау орнатылды. Сонымен қатар мердігер мекеме балабақша, дәрігерлік амбулатория, мектеп ауласындағы кепкен және қауіп төндіріп тұрған ағаштарды кесіп, қоқыс алаңына шығарды. Халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында «Ауыл Аманаты» жобасына жыл басынан бес жоба ұсынылып, екеуі мақұлданып, үш жоба қаралу сатысында тұр. Ауылда «ИнтерЭлектроКомплект» мердігер мекемесі Қопа ауылының үш көшесіне жарық жүйесін орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тамды ауылындағы иесіз тұрған кәріз жүйесі сот шешімі арқылы әкімшіліктің теңгеріміне алынды. Ауылда өткен жылы салық түсімі екі есеге артты, — деді ауыл әкімі Айгүл Бусурманова атқарылған жұмыстарды осылай тізбектеп шықты.
Алда Қопа ауылдық округі мен Тамды ауылында атқарылар жұмыстар жоспарында Қопа ауылында салынып жатқан спорт кешенінің құрылысын толық аяқтау көзделіп отыр. Сонымен қатар әкімшілікке қарасты тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіледі. Апатты жағдайда тұрған М.Мәметова көшесіндегі бір тұрғын үй бұзылып, шығарылып, оның орнына ауыл жастары үшін футбол алаңын салу жоспарланып отыр. Ал, Тамды ауылы бойынша волейбол, баскетбол алаңдарын салу, 1968 жылы салынған медпункт апатты жағдайда болғандықтан, бұл мақсатта жаңа ғимарат құрылысын жүргізу үшін құжаттар әзірленіп жатыр.
Ауыл халқымен кездескен аудан басшысы көтерілген мәселелер бойынша нақты жауап берді.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА