"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Ауыл

ТАССАЙЛЫҚ ШАРУАЛАРДЫҢ ТЫНЫСЫ

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов жұмыс сапарымен Тассай ауылдық округіне барды.

Сапар барысында ауыл шаруашылығымен айналысып отырған кәсіп иелерімен кездесіп, тыныс- тіршілігімен танысқан аудан басшысы ауыл маңында орналасқан қиыршықтас өндіретін «Portal KZ» ЖШС кен орнының жұмысымен де танысты. Аталмыш нысан жұмысы 2018 жылы бастау алған. Кәсіпорын басшысы А.Береговойдың айтуынша, қазіргі таңда кен орнында тұрақты түрде 15 адам жұмыс істейді. Алайда, бұл көрсеткіш жаз мезгілінде бірнеше есеге өседі екен. Кәсіпкер аудан басшысына жаңа зауыт салуға  ниетті екенін айтты.

– Жаңа зауыт салудағы басты мақсаттың бірі – шикізат қорының жеткілікті болуымен қатар сапасының жоғарылығы. Өндіріс нысаны орналасатын жер теліміне көмек көрсетсеңіз, – деген кәсіпкер жоспар бойынша нысанның қай жерге салынатынын да көрсетті.

Аудан басшысы кейін тассайлық жас кәсіпкер Естай Жанзақовтың «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы салған жылыжайының жай-күйін қарады. Жылыжайдың жалпы аумағы 300 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда арнайы топырақ жайылып, көшеттер егуге соңғы дайындық жұмыстары пысықталып жатыр.

– Негізі бұл жобаның жалпы құны 4,5 млн теңгені құрайды. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2,5 пайызбен несие алып жылыжайдың жылыту жүйесін іске қосып, топырақ жайып, ылғал түскенін күтіп отырмыз. Еккен өнімдерді ауыл дүкендері мен қалаға тасымалдайтын боламыз, – деді Естай Жанзақов. Аудан әкімі де бұл бастамаға сәттілік тілеп, алдағы уақытта да демеу беретінін айтты.

Нұрхан Тілеумұратов жергілікті шаруалардың хал-ахуалын да өз көзімен көрді. Аудан әкімі алдымен Мәлік Шотаманов басқарып отырған «Бақыт» шаруа қожалығына келді. Қазіргі таңда бұл шаруа қожалығы 150 бас ірі қара малы мен 50 бас жылқы ұстап отыр. Қожалық басшысының айтуынша, қыс мезгіліне жинаған жем-шөп қоры жеткілікті. Одан бөлек 400 га егін алқабы бар шаруа қожалығы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 62 млн теңге несие алып, қожалықтың технопаркін жаңартқан. Қазіргі таңда күзде жинаған астығын кептіру мәселесін шешіп жатыр. Себебі, биыл орылған бидайдың ылғалдылығы тым жоғары. Осы мәселе төңірегінде аудан басшысы уақыт жоғалтпай, «Ақжар Агро» ЖШС-мен тиімді бағада келісім орнатуға кеңес берді.

Одан бөлек, аудан әкімі Тассайдағы ірі кешенді агронысан – «Алтын Дән және К» ЖШС-нің жұмыс қарқынымен танысты. Қазіргі таңда кешенді агроөнеркәсіп ұйымы алқаптарды оңтайландыру мақсатында 400 га алқапты суармалы егістік жобасы ретінде ұсынған. Одан бөлек, техникалық базасы толықтай жаңарған серіктестікте көктемгі егу науқанына дайындық жұмыстары пысықталып жатыр. Мәселен, құны 120 млн теңге тұратын тұқым себетін шетелдік техника алынған. Қазіргі таңда мамандар келіп арнайы техниканы құрастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Көктемгі егін науқанына дейін дайын болады деген серіктестік басшысы Нұрлан Бисенов барлық жұмыстар жүйелі әрі жоспарлы түрде атқарылып жатқанын мәлімдеді.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ