"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

БАЛАЛАРДЫ ӨРТ ҚАУІПІНЕН САҚТАЙЫҚ!

«Өрт – тілсіз жау» деп халқымыз тегін айтпаған. Отты пайдаланған кездегі салақтық, ұқыпсыздықтың нәтижесінде кейбір өкінішті, орны толмас қайғылы жағдайлар болып жатады. Мұндай кенеттен кездесетін өкінішті жағдайларды болдырмау үшін отты дұрыс, тиімді, қауіпсіздікті ескере отырып пайдаланған жөн.

Балалардың отпен ойнауы да көбінесе өртке ұшыратады. Жас өспірімдердің отпен айналысуы ата-аналардың балаларына кез келген нәрсемен ойнауына жол беріп, кезекті тыйым салмағандықтан туады. Арамызда балаларын үйге кілттеп, сіріңкелерді жасырмай, электр қуатымен жұмыс істейтін құралдарды ток көзінен айырмай кететін адамдар да жоқ емес. Ал мұның бәріне үйде қалған сәбилер назар аударады, осының өзі-ақ өртке ұрындырады. Сол себепті отпен ойнау қандай жағдайға ұшырататыны жөнінде балаларға айтып, түсіндіріп отыру – ата-ананың міндеті.

Кішкентай балалардың отпен ойнауына, үйде жалғыз қалдыруға, оларға дүкеннен темекі, сіріңке алдыруға, жанып жатқан пешті, керогазды, газ плиталарын қарауға жұмсауға тыйым салынады.

Соңғы кездері ауданымызда балалардың қатысуымен өрт оқиғалары жиілеп кетті. Солардың бірі – жақын арада Дөң ауылында 10 жасар қыз баланың автокөлік ішінде отпен ойнап, автокөліктің отқа орануынан қаза болуы.

Қорыта айтарымыз – балаларды сақтау әрбір ата-ананың абыройлы борышы.

Хромтау ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі

ПІКІР ЖАЗУ