"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Білім

Дарынды бала – ел болашағы

 

Заман талабына сай зерделі, ой-өрісі жоғары, білімді балаларды қолдау – қоғам мен мемлекет дамуының басты тетігі. Бұл тұрғыда ауданымызда сапалы білім беруді қамтамасыз етуге жан-жақты жағдай жасалуда.  Оқушыларымыз өнер, білім, спорт додаларында топ жарып, жетістіктердің биігінен көрінуде.

 Өңірде алдымен республикалық байқауларда аудан намысын қорғап, кейін әлемдік додаларда ел абыройын асқақтатқан оқушылардың саны жылдан жылға көбейіп келеді. Ағымдағы жылы аудандағы талантты да талапты 300-ден аса оқушыны ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған дарындылар шеруі соның айқын дәлелі. Шара барысында жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсеткен, шығармашылық байқауларда, спорттық жарыстарда жеңіске жеткен оқушыларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Әлемдік байқауда бой көрсеткен Балым

Дарындылар шеруінде марапатталғандардың қатарында болған он жасар Балым осыдан бес жыл бұрын үлкен сахнаның төріне шығып, бүгінге дейін талай сайыстың бас жүлдесін қанжығасына байлап үлгерген. Анасы Динара Аяпованың айтуынша, Балымның ән әлеміне алғашқы қадамы екі жасынан басталған.

Балымның ән айтуға қабілетін бүлдіршін кезінен байқадық. Әжесі оны ұйықтатарда әнмен тербейтін. Ол естіген әуенін айна-қатесіз қайталайтын. Теледидардан көрген әндерін лезде жаттап алып жүрді. Араға үш жыл салып бес жасар қызымды Ақтөбе қаласында өткен республикалық таланттар байқауына алып бардым. Ол «Ата, әже» әнін орындап, бас жүлдені жеңіп алды. Мектеп табалдырығын аттағаннан кейін музыка пәнінің мұғалімі Балымды «Тәуелсіздік деп соғады жүрегім» атты республикалық байқауға дайындады. Осылайша, ол ән байқауларының бірінен соң біріне қатысып, бас жүлде мен бірінші орындарға иеленіп жүрді. Сондай-ақ Түркия еліне жолдама ұтып алды, дейді ол.

Күрделі әндерді нақышына келтіре орындайтын өнерпаз республикалық байқаулармен қатар, халықаралық ән додаларында да өнер көрсеткен. Жақында ол әлемнің 100 елінде көрсетілетін байқаудың еліміздегі нұсқасы «Қазақстан дауысы» жобасына қатысып,  көрермен ықыласына бөленді.

Өткен жылы «Eurovision» халықаралық байқауына қатысу үшін бейнежазбаға Балымның ән айтқанын жазып, жіберген едік. Уақыт өте келе бізге іріктеу кезеңінен өтпегеніміз жайында хабар келді. Алайда «Бір есік жабылса, бір есік ашылады» деген рас екен. Байқауға қабылданбасақ та, бейнежазбаны жібергеніміздің арқасында  «Қазақстан дауысы» жобасына шақырылдық. Жобаның «Көрмей таңдау» кезеңінде Балымға белгілі әнші Дастан Оразбеков «бұрылып», жоба барысында тәлімгер болды. Қызым одан кейінгі «Жекпе-жек» кезеңінен өтпеді. Дегенмен бейнежазба әлеуметтік желіде 200 мыңнан астам қаралым жинап, халық аталған кезеңде орындалған «Желкілдек» әнінің көңілден шыққанын айтып, оң пікірлерін жаудырды, дейді Динара Аяпова.

Өнерін шыңдауды басты мақсат еткен Балым келешегін де әншілікпен байланыстырғысы келеді. Бүгінде ол еліміздің әр облысынан таңдаулы жас әншілерді ғана іріктеп алатын «Бала дауысы» республикалық  байқауына дайындық үстінде.

Сахнаның сыртында қобалжып тұрсам да, ән айтып бастағанымда жайсыздық сезімі жоқ болып кетеді. Кең диапазонды талап ететін патриоттық әндерді, Америка, Ресей елдері әншілерінің шығармаларын орындай аламын. Болашақта әлем байқауларында ел намысын қорғағым келеді, — дейді өнерпаз.

Абзалдың ғылыми жобасы

Аудан оқушылары өнер жолында ғана емес, ғылым жолында да жетістіктерге жетуде. Облыстық, республикалық ғылыми жобалар байқауында жүлделі орындарға иеленіп жүрген білім алушылардың бірі Абзал Әбуғали.  Ол республикалық байқауда «Менің Отаныма менің бастамам» жобасын қорғап, Ақтөбе облысы бойынша жалғыз жүлдегер атанды.

Абазал озат, ізденімпаз оқушы. Ол кез келген мәселені егжей-тегжейлі зертеп, оның себеп-салдарын түсінуге талпынады. Республикалық ғылым додасында да Хромтау тау-кен колледжіндегі «Ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы» мамандығы жайында кең көлемде ақпарат жинап, оның ел болашағы үшін қажет сала екенін дәлелдеді.

– «Ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы» Хромтау тау-кен колледжінде жаңадан оқытылып жатқан мамандық. Осыған орай, колледжге Түркия елінен арнайы дрондар әкелінді. Мен оны естігенде аталған мамандыққа қызыға бастадым. Ол жайында тереңірек білгім келді. Сөйтсем, дрондардың пайдасы біршама екен. Дрон адамның қатысуынсыз жер бедерін зерттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол белгілі бір аймақтың қауіп деңгейін анықтай алады. Мәселен, ауданымызда адам өміріне қауіпті шахталар бар. Шахталарға адамнан бұрын дронды жіберіп қауіп деңгейін біліп алсақ, адам өмірін сақтап қалуға болады! Бұдан бөлек, дрондар адамдарды да тасымалдай алады. Осының бәрін ескере отырып, мен ғылыми жобамда «Ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы» мамандығын көптеп ашуға ұсыныс білдірдім. Өйткені қазіргі таңда елімізде бұл мамандық бойынша оқытатын жоғары оқу орындарының саны өте аз.  Меніңше, мемлекетімізде заман ағымына сай, пайдалы мамандықтарды оқытуды жиілету қажет. Осы ретте ғылыми жобаларымның барысында бағыттап, қолдау көрсеткен ғылыми жетекшім Азель Исатайқызына алғысымды білдіргім келеді, дейді оқушы.

 Қазіргі таңда Абзал Бөгетсай мектеп-гимназиясының он бірінші сыныбында білім алуда. Ғылыми жобалармен бірінші сыныптан бастап әуестенген ол түрлі салаларда зерттеу жұмыстарын жүргізуге машықтанған. Білгір жасөспірім ендігі кезекте құтырма вирусы жайында жоба дайындауды жоспарлап отыр.

Бірінші сыныпта мұғалімнің тапсырмасы бойынша түйе терісінің пайдасына байланысты жоба дайындадым. Алғашқы ғылыми жобамнан кейін көптеген мектепшілік, аудандық, облыстық байқауларға қатыстым. Дәл қазіргі уақытта вирусология саласында ізденіп жатырмын. Ал мектеп бітірген соң IT саласына барамын. Мен үшін ең бастысы болашақта еліме өз үлесімді тигізу, дейді ол.

P.S. Үздіктердің қатарынан көрініп жүрген оқушыларымыздың білімге, өнерге құштарлығы, белестерді бағындырудағы ынта-жігері болашақта оларды ел мүддесіне жалынды еңбек етуге бағыттап,  мемлекетімізді биік шыңдарға жетелеуге негіз боларына сенім мол.

Жанел Нұрболатқызы

Дарынды баланы қалай тануға болады?

Белгілі зерттеуші Н. С. Лейтес қабілетті балалардың 3 категориясын анықтап берген болатын. Біріншісі  — ой-өріс қабілеті ерте жастан байқалған балалар. Екіншісі — жеке бір іс-әрекет түрімен белгілі бір мектептегі ғылым түріне қабілеттілігімен көзге түскен оқушылар.Үшіншісі — дарындылық күш-қажырымен ерекшеленетін оқушылар. Егер балада осы үш категорияның біреуіндегі қабілеттер анықталса, оны дарынды деп атауға болады.

Ой-өріс қабілетімен ерте жастан көзге түскен оқушыларға мектептегі оқу кезіндегі қарқындылық тән. Кейбір балалардың ақыл-ойы табанды түрде дамып, ол өз қатарластарын басып озады. Олардың ақыл-ойының кемеңгерлігі сонша — оларды байқамау мүмкін емес. Мұндай балалар 3-4 жастан оқуды, жазуды, сызуды үйренеді де, өсе келе белгілі бір ғылым түрлерімен шұғылданады. Олардың қызығушылығы ауысып отырғанымен, ақыл-ойға салмақ салатын пәндерге деген талпынысы төмендемейді.

Бала дарындылығының байқалмайтын жағдайлары да кездеседі. Кейде тіпті баланың есейген шағында сирек кездесетін қабілеттері көрініс тауып жатады.

Балалардың бойында белгілі бір қабілеттердің жарқын көрінісі, ой-өріс деңгейінің жалпы көрінуімен, дамуымен, ғылымның, өнердің арнайы бір саласына бейімделуімен сипатталады.

Үшінші категорияға жататын оқушылар жалпы дамуы жағынан өз қатарларының алдына шықпайды. Бірақ ақыл — ойының өзіндік ерекшеліктерімен өзгешеленеді.

Дарынды балалардың қабілеттерін ашуды қажетсінетінін, тұлға ретінде қалыптаспағанын естен шығармаған жөн. Бұндай балалар аса сезімтал болады. Сондықтан дарынды оқушыларды оқытатын мұғалімдердің  арнайы даярлығы болуы тиіс.

 

Ғаламтордан алынды

 

ПІКІР ЖАЗУ