Хромтау қаласындағы №1 мектеп ғимаратында «Үздік бастауыш сынып мұғалімі — 2023» байқауының аудандық кезеңі ұйымдастырылды.
Төрт кезеңге бөлінген байқаудың басты мақсаты — үздік педогогикалық тәжірбиелерді зерттеу, насихаттау және тарату арқылы шығармашылықпен жұмыс жасайтын үздік бастауыш сынып мұғалімдерін анықтау және оларға қолдау көрсету, мұғалімдердің қоғамдағы мәртебесін көтеру.
Байқауға ауданымыздан іріктелген 12 ұстаз қатысты. Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Нұргүл Қалниязова барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Бала жүрегіне жол таба білген, білім нәрімен сусындатып қана қоймай, бойына тәлім-тәрбиенің асыл қазынасын құя білетін нағыз батыр ол — ұстаз. «Бір әріп үйреткен ұстазға қырық жыл тағзым», — дейді. Сіздердің еңбектеріңіз зор, — деді Н.Қалниязова.
Бастауыш сынып мұғалімдері бірінші кезеңде өздерін таныстыру мақсатында дайындап келген қысқа әрі мазмұнды бейнероликтерімен бөліссе, «Менің ең үздік ашық сабағым» аталатын айналымында еркін тақырыпта қысқа мерзімді сабақ жоспарын құрып, қорғады. Келесі айналым «Педогогикалық шеберлік минуты» деп аталды. Бұл кезеңде ұстаздар байқауға дайындап келген өзіндік сабақ үлгісін қорғады. Төрелік еткен қазылар да байқаудың осы кезеңіне аса көңіл бөлді. Себебі әр ұстаздың педогогикалық тәжірибесіне сүйенген жаңаша әдістер мен ұтымды шешімдерді саралай отырып, лайықты бағасын беріп отырды. Ал соңғы кезеңде мұғалімдердің кез келген мәселеден шығатын қабілеті сыналды. Яғни, ситуациялық сұрақтардан мүдірмей өткен ұстаздар жеңіс тұғырына бір табан жақындай түсті.
Ұстаздық етуден жалықпай, керісінше оқушылардан шабыт алатынын айтқан Ақтолқын Жаппақова бұл байқаудан өзіне көп ой түйгенін жасырмады.
— Әр мектептен жиналған әріптестердің айтқаны мен көрсеткен дүниелеріне ден қойып отырдым. Себебі тек жарысу үшін ғана емес, тәжірибе алмасу үшін де басымыз қосылған деп ойлаймын. Сабақта дәстүрлі әдістердің маңызы жоғалмағанына бүгін тағы бір көз жеткіздім, — деді қатысушы Айтолқын Жаппақова.
Тартысқа толы өткен сайыс қорытындысы бойынша Хромтау қаласындағы №7 мектеп-гимназияның мұғалімі Гүлсезім Рысқалиева «Үздік бастауыш сынып мұғалімі — 2023» байқауының жеңімпазы атанды. Жеңімпаз бағалы сыйлық пен мақтау қағазынан бөлек, облыстық байқауға жолдама алды. Жүлдегерлер де елеусіз қалмады.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА