"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

БӨГЕТСАЙДАҒЫ БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕ

Бөгетсай ауылында Спорт күніне арналған ауданның ауыл жастары арасында спартакиада өткізілді.

Бұқаралық спорт түрлерінен өткен дәстүрлі байрақты бәсекенің ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов спортшылардың жеткен жетістіктеріне тоқталып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

 

— Күні кеше Париж төрінде еліміздің байрағын әлемге танытқан спортшыларымыздың жетістіктері баршамызға үлгі екені сөзсіз. Спорт — тән мен жанның саулығы ғана емес, абырой асқақтататын бұқаралық алаң. Сондықтан әлеммен санасу үшін спортта да алда болуымыз керек. Сол үшін үнемі жеңіс тұғырынан түспеңіздер, — деген аудан басшысы аталмыш салада атқарылып жатқан істерді де тілге тиек етті.

Оның айтуынша, биыл Қопадағы спорт кешенінің құрылысы бастау алса, аудан орталығындағы нысанның да құрылыс жұмыстары қайта жанданған. Бөгетсай ауылында футбол алаңы қолданысқа берілді. Аудан әкімі ауыл жастары үшін көрсетіліп жатқан мұндай қолдаулар мұнымен шектелмейтінін айтты. Сол сияқты ол ауданда спортпен кәсіби деңгейде айналысатындарға да қолдау білдіретінін жеткізді.

Биыл 33-ші рет ұйымдастырылған дәстүрлі додаға 14 ауылдық округ құрамасы футбол, волейбол, президенттік көпсайыс, үстел теннисі, гір спортымен қатар, қол күрес, тоғызқұмалақ, асық ату, бес тас, қазақ күресі секілді ұлттық спорт түрлерінен де өзара сынға түсті. Екі күнге созылған тартысқа толы дода қорытындысы бойынша, командалық есепте жарыс қожайындары жеңімпаз атанса, Дөң ауылының құрамасы екінші орынға тұрақтады. Ал қопалықтар жүлделі үшінші орынды қанжығалады.

Аталмыш жарыстың ұйымдастыру алқасының мүшесі, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің бас маманы Данияр Кәрімовтың айтуынша, биылғы жазғы спартакиадаға жаңа өзгерістер көп енгізілген. Жарыс ережесін қатаң сақтау, төрешілер алқасын тағайындау, ойын алаңдарының сапасы секілді мәселелер төңірегінде оң өзгерістер енген.

— Футбол, волейбол секілді командалық ойын түрлерінде өзара қақтығыстар орын алмас үшін жоғары санатты төрешілерге сенім арттық. Кейбір құрама мүшелері бірнеше спорттан бақ сынағандықтан, жарыс кестесін де барынша оңтайлы шешуге тырыстық, — деді ол.

Айтылған командалық спорт түрлері бойынша қопалықтар алдына жан салмады, футбол мен волейболдан да бірінші орынды иеленді. Ал Құдықсай мен Бөгетсай ауылы құрамалары қалған екі орынды өзара бөліп алды. Үстел теннисі, қазақ күресі мен гір спортынан Бөгетсай командасы ешкімге есе жібермей, кестеде бірінші орынды жеңіп алды. Осылайша, тенденциялар тізбегі бұзылмаған жарыс ойдағыдай тәмамдалды.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ