"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Денсаулық

КӨКЖӨТЕЛДЕН ҚАЛАЙ ЕМДЕЛЕМІЗ?

Хромтау ауданы бойынша былтыр көкжөтел ауруының 1 жағдайы тіркелген болса, биыл көкжөтел ауруына күдікті 7 жағдай анықталып, 2 жағдай нақтыланды.

Көкжөтел ауа-тамшы жолымен жұғатын, спазмды ұстамалы жөтелмен білінетін жедел инфекциялық ауру. Инфекция көзі – ауыратын адамдар, алғашқы белгілері көрінген күннен бастап 4-5 апта бойына есептеледі.

Инфекция ауа-тамшы жолы арқылы енеді. Ауру қаупі нәрестелік кезеңнен 5 жасқа дейінгі балалар арасында жоғары болып келеді. Қоздырғыш жоғары тыныс жолдарының кілегей қабатына түседіде, көбейеді. Қоздырғыш бөлетін улар тыныс жолдарының рецепторларын қоздырып, жөтелдің пайда болуына ықпал етеді.
Инкубациялық кезең 6 күннен 20 күнге (жиі 7-10 күнге), алғашқы немесе катаральды кезең 14 күнге дейін, ұстамалы жөтелдің 1 ай және оданда көп, сауығу кезеңі 1-2 апта (1-2 айда болуы мүмкін) созылады. Ауру шамалы тұмаудан, құрғақ жөтелден басталады. 2 апта ішінде күшейе түседі. Аурудың келесі кезеңінде жөтел пайда болады. Спазмды жөтелдің кезеңді бірінен соң бірі келетін, екпінмен жүретін және кезеңді ауысып тұратын, қиналып дем алумен, яғни қырылдаған дыбыс шығарумен, ауысып шырышты қақырықпен немесе құсумен аяқталатын ерекше механизмі бар.
Ауру асқынғанда мида қан айналым бұзылыстары, эмфизема пневмотаркс, сонымен қатар, пневмония, құрысулар, энцефалитке әкелуі мүмкін.

Көкжөтелге қарсы вакцинация 50 жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келеді және осы жылдар ішінде вакциналар алдын алудың қауіпсіз және тиімді әдісі ретінде дәлелденді. Вакцинацияның арқасында көкжөтел ауруын ондаған есе азайтуға мүмкіндік туды. Көкжөтелге қарсы профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесіне сәйкес 2,3,4 айлық нәрестелер мен 1,5 және 6 жастағы балалар қайта егіледі.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ