"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Дін

ЖАСТАР ТЕРІС АҒЫМНЫҢ ЖЕТЕГІНЕ НЕГЕ ТЕЗ ЕРЕДІ?

Жастардың дін ұстануға қызығушылығы артып келеді. Әрине, бұл қуантарлық жайт. Десек те дінді жетік түсініп үлгермеген жас жеткіншектердің сенгіштігін пайдаланып, өзінің арам пиғылын іске асыруға тырысатындар да жеткілікті. Дінге бет бұрып құран, намаз оқуды жаңадан үйреніп келе жатқан жастар бағыт-бағдарды кімнен алады? Жастар құран мен намазды мешіт имамдарынан емес, ғаламтордан үйренуді неге жөн санайды? Баласының дінге бет бұрғанын байқаған ата-ана неге медресседен білім алуға апармайды?

Қарап отырсақ, цифрландыру жүйесі дінді де айналып өтпегені байқалады. Ғаламтор арқылы құран және намаз оқу, дәрет алу, дін туралы ілім, діни салт-дәстүр және тағы да басқа да дінге қатысты ақпаратты оңай табуға болады. Интернет желісі арқылы діни ақпарат алу үшін бар болғаны іздеу жүйесіне өзіңізді қызықтыратын сұрақты қойсаңыз жеткілікті. Ал ғаламтор ары қарай сіздің іздеген сұрағыңыздың көптеген жауабын шығарып береді. Өзіңізге қажетті ақпаратты оқып немесе видеосын көруіңізге де болады.

Өкінішке орай, бұл ақпараттардың арасында жасырын арам пиғылын іске асырғысы келетіндер де толып жатыр. Сонымен қатар, баласының дінге деген қызығушылығы оянғанын байқаған ата-ана оның білімін жетілдіру үшін діни кітапттарды берудің орнына интернеттен ақпарат алуға жағдай жасайды. Оңы мен солын танып үлгермеген жас жеткіншек діни білімді ғаламтордан қалай алсын? Интернет ақпарат алудың ең оңай жолы, көкейдегі әрбір сұраққа жауап алу да қол жетімді. Бірақ, осы ғаламторға көп сенудің қажеті жоқ екенін естен шығарып алатынымыз өкінішті-ақ…

Радикалды дінді жақтаушылар өздерінің теріс пиғылын интернет арқылы іске асыратынын білсек те, баланы өз қолымызбен аждаһаның апанына енуіне жол ашып бергенін кейбір ата-ана білмейтін болса керек. Діни білімін жетілдіргісі келген баланы жетектеп медресеге, я болмаса мешіт имамынан білім алуға ертіп баруға олар уақыт таппайды. Ал баласы радикалды діни ағымның жетегіне ерген кезде өзгені кінәлі санайды. Қандай білім алса да, сол білімнің алғашқы кірпішін қалауға үйрететін баланың әкесі мен шешесі. Ата-ана көрсеткен жолмен бала білім алатынын естен шығармағанымыз абзал.

Жастардың радикалды діни ағымның жетегінде кетуінің бірнеше себебі бар. Соның басты себептерін атап айтар болсақ, біріншіден ол адамның діни сауатсыздығы. Олай дейтініміз, діни ілім алмаған адам, ілімді өз бетінше ғаламтор арқылы іздейді. Дінге шала сауатпен келген жас жеткіншек өзінің қалай адасқанын аңғармай қалады. Теріс ағымға арбаушылар көбінесе өмірлік тәжірбиесі аз, уақытша қиындыққа төзімсіз, діни сауаты таяз жастарды тартуға тырысады. Өйткені, білімсіз адамның аңғал, көнгіш, сенгіш, еліктегіш келетінін олар жақсы біледі.

Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен видеохостингтерде өндірілетін және таратылатын түсініксіз әрі жат діни ағымды жақтаушылардың жасырын пиғылын насихаттайтын таралымдардың тым көптігіне байланысты. Олар өздерінің түсірген видео немесе ақпаратарына «лайк» және қоңыраушаларды басқан адамдардың сеніміне кіруге тырысады. Сөйтіп, өздерінің желі қолданушыларына бірегей, ерекше және сирек кадрларды, пікірлерді, әзілдерді, өзгеше контенттерді ұсынады, осындай арбаушылардың парақшасына жазылудың салдары жастарды адастыратыны хақ.

Ал екінші себепке тоқталар болсақ, қазіргі интернет пен әлеуметтік желілердегі тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сайттардың еркін қолжетімділігі де жастарды жарға жығуға итермелейді. Қарап отырсаңыз, мектеп қабырғасын аттаған баланың қолына ұялы телефон әперіп, интернетке емін-еркін кіріп, өзінің қалағанын көруге жағдай жасап қойғанбыз. Жастар интернетте жарияланған «дұрыс» немесе «бұрыс» діни мәліметтерге, видеоларға имандай сеніп, оларға лайк басып, пікір жазып, сол ақпаратты өзгелерге бөлісуді үрдіске айналдырған.

Үшінші себеп – отбасындағы тәрбие. Қазіргі таңда, күн көрістің қамымен ата-ана баласын жалғыз қараусыз қалдырып, таң атқаннан, күн батқанша жұмыста жүреді. Ал кейбір әке мен шеше балаларын туыстарына қалдырып жұмыс жасау үшін өзге елге кетеді. Ата-ана мейіріміне, тәрбиеге мұқтаж бала жылулықты көшеден іздейтіні белгілі. Ата-анасынан ала алмаған қамқорлықты сырттан іздеген жастардың тағдыры орны толмас өкінішке әкеп соқтыруда.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде былай дейді: «Әкенің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі». Отбасында дәстүрлі дін мен радикалды діни ағымның салдарын ажырата білмеген бала, өскенде көкейінде жүрген діни сұрақтың жауабын ата-анасынан ала алмағандықтан, ғаламтордан немесе көшедегі жат ағымның өкілінен сұрап, олардың тұзағына оп-оңай түседі. Отбасындағы тәрбие мен діни сенімнің ұштасып тұрғанын естен шығармаған жөн.

Төртінші себеп – әлеуметтік жағдайдың нашарлығы және жұмыссыздық. Жағдайы төмен немесе жұмыс іздеп сенделіп жүрген жастар әлеуметтік желідегі әртүрлі жарнамаларға тез сенеді. «Тұрмыстың тапшылығы тауқыметінен жаман» демекші лаңкестік идеологияға бой алдырған адамдардың біразының тұрақты жұмыс орны жоқ. Олардың басым бөлігінің баспанасы жоқ, тұрмыстық деңгейі де төмен. Жұмыссыздықтан, тұрмыстық тауқыметтің ауырлығынан шаршаған адам айналасындағылардан көмек сұрайды. Осындай оңтайлы сәтті жат ағым өкілдері өз пайдасына асырып, қаржыдан қысылған адамға көмек қолын созып өздерінің айтқанын жасауына мәжбүрлейді.

Соңғы кездері, радикалды дінді жақтаушылар «таргет» арқылы өздерінің ақпараттарын жарнамалауға көшкен. Жастар көкейінде жүрген сұрақтың жауабын білу үшін сондай жарнаманы көріп, сілтемеге өткеннен кейін деструктивті ағымдардың топтарына тап болады, ары қарай радикалды діни көзқарас пайда болады. Олар адамды қызықтыратын сұрақтар мен әңгімелерге тарту арқылы өздерінің тобына кіргізіп алады. Әрбір ата-ана әлеуметтік желіні пайдаланатын баланың осындай күмәнді сілтемелерге кіруін қадағалап отыруы керек.

Бесіншіден, психологиялық күйзеліске ұшыраған адам да жат діни ағымның жетегіне тез еріп кетеді. Себебі, қоғамнан шеттеп қалған жастар жақын жандарды жат санап, өзіне жылы сөйлеген бейтаныс адамға іш тарта бастайды. Арбаушылар әлеуметтік желі және сөйлесу арқылы психологиялық күйзеліске ұшыраған адамның сеніміне кіріп, оның санасын улай бастайды. Біз күйзеліске ұшыраған адамды психолог маманына көрсетудің орнына оны әркімнің айтуы бойынша емдейміз. Осындай бейтарап емдеудің нәтижесінің салдары орны толмас өкінішке алып келіп соқтырады.

Алтыншыдан, жастардың радикалды діни ағымның жетегіне кетуге жұмыс орны мен оның араласатын ортасы да әсер етеді. Қарап отырсаңыз, дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшелері мемлекеттің жұмысынан бас тартып, сауда-саттықты берекесі бар, сүннет амалдардың біріне балап, көпшілігі жеке кәсіппен айналысады. Деструктивті теріс пиғылды жат ағымның жетегінде жүрген азаматтардың арасында да кәсіптің көзін тапқан, материалдық жағдайы жақсы, қалтасы қалың азаматтар бар. Олар өз қастарына жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа тарта бастайды. Әрине, олар жұмысқа өзімен пікірлес, діни көзқарасы сәйкес келетін сенімді адамдарды іздейді. Не болмаса, діни сауаты жоқ жастарды қарамағына тартып, оларға радикалды діни үгіт-насихат жүргізіп, қатарын толықтыра түседі.

Сонымен қатар әлеуметтік зерттеулердің нәтижесінде кейбір жастар дінге араласатын достарының ықпалымен келгендігін көрсетеді. Себебі, жоғарғы оқу орнының табалдырығын аттаған жас студент шала сауатты, уағыз айтқыш жаңадан танысқан досының сөзіне еріп кететін жағдайлар жиі кездеседі. Шала сауаттылардың айтқан уағыз-насихаттарына уланып, жастардың дінге деген көзқарасы бұрыс жағына қарай өзгеріп шыға келеді.

Жетіншіден, шетелдегі заңсыз оқу орындарында білім алу да жастарды адастырады. Себебі, еліміз тәуелсіздігін алып, қанатын кеңге жая бастағанда жастарымыздың басым бөлігі діни білім алу үшін шетелге кетті. Ол жылдары елімізде сауатты діни білім беретін оқу орындары аз еді. Шетелдің пір тұтқан дін уағыздаушысынан ілім алу жастардың басына қонған бақпен пар-пар болғаны анық.

Ата-анасы «балам шетелде білім алып, елге имам болып келеді» деп қуанатын. Ал баласы болса, еліне келіп дәстүрлі дінді жоққа шығарып, өзінің ілімі бойынша «ислами мемлекет құруға» тырысты. Осындай теріс пиғылды ілімнің жетегінде кеткен қаншама жастарымыздың өмірі темір қапаста өтті десеңізші?! Оған кім кінәлі?

Жастардың бойындағы патриоттық және дәстүрлі дінге деген сезімді  қалыптастыру қажет. Себебі, 2000-жылдары көше кезіп, үй-үйді аралап өзге дінді насихаттап кітаптар мен жадынамалар таратып өзінің арам пиғылын іске асыратындардың жұмысы әлдеқайда жеңілдеді. Олай дейтінім, олар «ислам» деген қасиетті атты жамылып, өзінің теріс діни ағымдарын үйден шықпай-ақ әлеуметтік желі арқылы насихаттап жұмысын жүзеге асырып жүр. Олардың бұл әрекеті, әсіресе, діни сауатын жаңа ашып жүрген жастар мен жасөспірімдер үшін өте қауіпті.

Досхан Бегімбетов,

«Хромтау аудандық дін істері орталығы» КММ басшысы

ПІКІР ЖАЗУ