Аудан басшысы Нұрхан Тілеумұратов өндіріс нысандарының жұмысымен танысу мақсатында Дөң тау-кен байыту комбинатының кен байыту және кесектеу фабрикасына барды.
Қазіргі таңда бұл фабрикада хром шекемтасын өндіретін 2 бірдей учаске үздіксіз жұмыс жасайды. Өнім көлемі де сәйкесінше арта түскен. Аталмыш өндіріс орыны биыл 700 мың тонна өнім өндіруді жоспарлап отыр.
Фабриканың алғашқы учаскесі 2006 жылы іске қосылған. Ал ағымдағы жылы іске қосылуы жоспарланған жаңа учаске заманауи технологияларды пайдалана отырып, қалдықтардағы хром құрамын 2-3 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін технологияны пайдаланбақ ниетте. Қос нысан да ТМД елдері арасында күйдіру лентасымен жабдықталған баламасыз алғашқы кәсіпорын. Кен байыту және кесектеу фабрикасында өндірілетін шекемтастардың беріктігі де барлық стандарттарға сай. Мәселен, диаметрі 15 миллиметрлік шекемтастар 100 келі салмаққа шыдас береді. Оның үстіне фабрика Дөң тау-кен байыту комбинатының өнімін игеретін негізгі кәсіпорын болып табылады.
Қазіргі таңда кен байыту және кесектеу фабрикаларының өндіріс сапасы мен тиімділігінің жоғары стандарттарына қол жеткізу үшін фабрикада 519 қызметкер еңбек етуде.
Аудан басшысы өз кезегінде фабрика ұжымының жұмысына сәттілік тілеп, атқарылып жатқан жұмыс қарқынына алғыс білдірді.