Қарағанды облысының Саран қаласында «Моноқалалардың болашағы: оң тәжірибе және тұрақты даму» тақырыбында екі күндік республикалық семинар-кеңес өтті. Бұл жиынға аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов бастаған делегация да қатысты.
Шараға еліміздің барлық өңірлеріндегі моноқалалардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Семинар барысында моноқалалардың экономикалық әртараптандырылуы, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды дамыту, цифрландыру мен инвестициялық саясат, индустриялық аймақтар құру және стратегиялық жоспарлау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Семинар аясында Нұрхан Тілеумұратов Хромтау ауданының әлеуметтік-экономикалық саласындағы жетістіктерін баяндап, жүзеге асырылып жатқан бастамалар туралы айтты.
Аудан әкімінің айтуынша, Хромтау — облыстағы жалғыз моноқала, әрі жоғары өндірістік әлеуеті мен тұрақты демографиялық өсімімен ерекшеленеді. Қала халқы 30 600 адамға жетіп, жұмыссыздық деңгейі 2,7 пайызғадейін төмендеді. Бұл — облыс бойынша ең төменгі көрсеткіш. Орташа жалақы 644 мың теңгені құрап отыр. Былтыр өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 630,5 миллиард теңге болса, 2025 жылдың алғашқы бес айында бұл көрсеткіш — 278,3 миллиард теңге. 2024 жылғы инвестициялар көлемі 243 миллиард теңгені құрады, ал биылғы бес айда 83,3 миллиард теңгеге жетті.
Қалада әлеуметтік инфрақұрылым белсенді дамуда. 1,6 млрд теңгеге спорт кешені мен 1,8 млрд теңгеге мәдениет үйі салынып, қазіргі уақытта бассейн мен музейдің құрылысы жүріп жатыр.
«Tugan Qala» жобасы — тұрғындардың тікелей қатысуымен жүзеге асырылатын әлеуметтік бастама. 2020 жылдан бері 54 жоба жеңімпаз атанып, олардың 40-ы сәтті іске асырылды. Жобаның жалпы бюджеті — 416 млн теңге.Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Өркен» өңірлік бағдарламасы іске қосыл
ды. Жалпы бюджеті — 2 млрд теңге. Бағдарлама аясында 95 жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде ASTMED кәсіпорны ауыз су өндірісін бастады.
Премьер- Министрдің тапсырмасына сәйкес, жалпы аумағы 150 гектар болатын индустриялық аймақ құрылуда. Бұл аймақта өңдеу және импортты алмастыратын өндірістер ашылып, 350 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
— Семинар барысында әріптестермен тәжірибе алмасу және тиімді жобалармен танысу мүмкіндігі туды. Мұндай алаңдар — моноқалалар арасында өзара байланысты күшейтіп, жаңа бастамаларды ілгерілетуге ықпал ететін маңызды құрал.Хромтауда біз халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымдық салаларды кешенді дамыту жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Бұл — мемлекет пен бизнестің үйлесімді ынтымақтастығының нәтижесі, — деді аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов.
Ләззат Әбдірова