"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ЖаңалықтарЭкономика

Өндірістегілердің зейнет жасы төмендейді

Мәжіліс депутаттары Альберт Рау, Екатерина Смышляева, Берік Бейсен­ғалиев және Еркін Әбіл Қостанай облысындағы сайлаушылармен кездесу өткізді. Олар облыстың шалғай ауылдарын аралап, халықпен жүздесіп, жеке мәселелері бойынша азаматтарды қабылдады.

А.Рау мен Е.Смы­шляева Рудный қаласындағы «Соко­ловская» кенішінде болды. Кеншілермен әңгімелесу барысында мәжілісмендер қауіп­ті еңбек жағдайында жұмыс істей­тін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселе­лерін қарастыратын жаңа заңға тоқталды.

Мәжілістің вице-спикері А.Раудың айтуынша, енді зиянды өндірісте жұмыс істейтін қызметкер 55 жасқа толғанда еңбек шартын бұзуға және 63 жаста зейнетке шыққанға дейін арнайы төлем­дер алуға құқылы. Барлығы 4 тө­лем бар, олар әртүрлі көзден қаржылан­дыры­ла­ды. Төлемдерге табыс салығы салынбайды.

«Өткен жылы сайлау барысында «Amanat» партиясының кандидаттары сіздермен кездескен еді, сонда осы сұрақ қозғалған болатын. Өнеркәсіптік өндіріс қызметкерлерінің зейнеткерлік жасы төмендей ме? Бүгін біз сіздерге жақсы жаңалықпен келіп отырмыз. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды өндірістегі жұмысшылардың зейнеткерлік жасын, егер олар бұдан былай бұл өндірісте жұмыс істемесе, 55 жасқа дейін қысқарту туралы заң күшіне енді. Яғни олар жұмыстан шығуы немесе жеңі­лірек жұмысқа ауысуы керек. Сондай-ақ 55 жастан зейнетке шыққандарға арнайы әлеу­мет­тік төлемдер төленеді. Төлемдер төрт көз­ден: рес­пуб­ликалық бюджеттен, жұмыс беруші­нің қаражатынан, өмірді сақтандыру компа­нияс­ының қаражатынан және міндетті жарналар есебінен төленеді», деді А.Рау.

Зейнетке шығу және қажетті төлем­дерді алу үшін қызметкер жұмыс беру­шіге 55 жасқа толуына байланысты ең­бек шартын бұзатындығы туралы өті­ніш беруі керек. Бұл ретте кемінде 7 жыл мін­детті кәсіптік зейнетақы жарналары болуы қажет.

Жеті күн ішінде жұмыс беруші мен сақтандыру компаниясы Мемлекеттік корпорацияның есеп айырысу шотына ең төменгі күнкөріс деңгейін аударуға тиіс. Сол шотқа жинақтаушы зейнетақы қоры мен республикалық бюджет төлемдері тү­се­ді. Яғни барлық сома бір күнде ауда­ры­­лады. Барлығы тікелей «Мем­лекет­тік кор­порация» КеАҚ арқылы төленетін болады.

Қызметкер 63 жасқа толғаннан кейін зейнетақы қорынан төленетін төлемдерге база­лық және ынтымақты зейнетақы қосы­лады, ал республикалық бюджеттен, жұ­мыс берушілер мен сақтандыру компа­ния­­ларынан төлемдер тоқтатылады. Егер қыз­меткер өзін жақсы сезінсе, ол өнді­ріс­­те жұмысын жалғастыра алады, оны жұ­мыстан шығаруға ешкімнің құқығы жоқ.

«Қызметкер лайықты демалысына немесе кәсібін өзгертуге – жеңіл жұмысқа ауысуға мүмкіндік алады. Осы жасқа арналған бірнеше әлеуметтік бағдарлама көмектесе алады. Мысалы, «Ұрпақтар келісімі» бағдарламасы, егер оның орнын ауыстыратын болашақ қызметкерді оқыту мүмкін болса және «Күміс ғасыр» – басқа мамандыққа қайта даярлау бойынша мемлекет жұмыс орнын субсидиялауға көмектеседі, ал әлеуетті қызметкер барлық төлемнен бас­қа ақша таба алады», деп атап өтті Екатерина Смышляева.

Мәжіліс депутаттары жұмыс сапары барысында «Качар Руда» АҚ қыз­мет­керлерімен және кәсіподақ белсенді­лерімен де кездесті.

ПІКІР ЖАЗУ