Жаңа жылдан бастап республикамызда бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) қолданысын тоқтатты. Бұл мезетте бес жыл бойы осы салық түрін ұқыпты төлеп келген адал азаматтар өздерін орта жолда қалғандай сезініп отырғаны шындық. Салыстырмалы түрде аз төлем өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға медициналық көмек, әлеуметтік сақтандыру алуға мүмкіндік беріп, келешекте зейнетақы төлемдерінен үміттендірген еді.
2019 жылы елімізде бірыңғай жиынтық төлем енгізіліп, бұл өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың, өз шаруашылығы есебінен тұратын ауыл тұрғындарының және жұмыссыздардың өмірін едәуір жеңілдетті. Бұл санатқа кірген шағын кәсіпкерлерге бірнеше шарт сақталған жағдайда сақтандыру жүйелерінің қатысушысы болуға мүмкіндік берілді. Басқаша айтқанда, бір ғана төлем жасау арқылы мұндай азаматтар ресми түрде жұмыс істейтін жұмыскерлермен бірдей барлық әлеуметтік кепілдікті ала алды. БЖТ төрт міндетті төлем түрін: жеке табыс салығын (ЖТС), мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды, БЖЗҚ-ға зейнетақы төлемдерін біріктірді. Ірі қалалар үшін БЖТ-ның ай сайынғы мөлшері 1 АЕК-ті құрап, 2023 жылы бұл 3 450 теңгеге тең болды. Қалған елді мекендер үшін – 0,5 АЕК немесе 1 725 теңгеден есептелді. Сондай-ақ ағымдағы айда табыс түспеген жағдайда жарна жасалмауы да мүмкін-тін. Шараны енгізудегі негізгі мақсат – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды салықтарға, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне тарту. Сонымен мемлекет көптеген артықшылықты байқата отырып, бейресми жұмыспен қамтылғандарды «көлеңкеден» шығаруға тырысты.
Статистикаға қарағанда, 2021 жылы бұл жарнаны 345 700 адам төлеген. 2022 жылы олардың саны 388 700-ге дейін көбейсе, өткен жылы күрт төмендеген. Қазіргі уақытта БЖТ төлеушілер саны – 222 мыңға жуық. Ал іс жүзінде бейресми жұмыспен қамтылғандар бірнеше есе көп. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының 2022 жылғы ақпараты бойынша, елде 2 миллионнан аса өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат бар. Бұл сан БЖТ-ны коронавирус пандемиясы кезінде, яғни төлем мемлекеттен 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы алу үшін қажет болған 2020 жылдың сәуірінде тіркелген.
БЖТ бастапқыда жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, табысының көлемі жылына 4 млн теңгеден аспайтын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін 5 жылға уақытша енгізілді. Бұл жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, басқа жеке тұлғаларға қызметтер көрсететін және жеке қосалқы шаруашылық өнімдерін өткізетін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін көп-көрім көмек болды. Дегенмен азаматтарға бес жыл сүйеу болған айтулы жеңілдіктің мерзімі таяды. Енді БЖТ-ның тоқтауы салық төлемдерінің жалпы сомасының өсуіне әкелуі мүмкін. Сөйтіп, бес жыл бойы БЖТ төлеп үйреніп қалған азаматтар салық жүктемесіндегі ықтимал өзгерістер мен кәсібіндегі тәуекелдерді ойша қорытып үлгере алмай жатыр. Олар бұрын төлеп келген БЖТ тапқан азын-аулақ табысына сәйкес болғанын, енді жеке кәсіпкерлік жүргізуге шамалары жетпейтінін айтып шағынуда. Өйткені өздігінен жұмыспен қамтылғандардың бәрінің бірдей тұрақты табысы жоқ. Бұл тұста бірқатар маман бұған дейін де «көлеңкеде» қалып келген азаматтардың қатарына енді БЖТ-ны тұрақты төлегендер де қосылуы мүмкін екенін айтады.
Сарапшы Вера Капацинаның пікірінше, бұл салықты алып тастау адамдардың осы санатын әлеуметтік кепілдіктерден тыс қояды. «Бірыңғай әлеуметтік төлем халық үшін өте тиімді де ыңғайлы құрал болып, мемлекет пен әлеуметтік қолайсыз жағдайдағы адамдар арасындағы байланыстырушы буын қызметін атқарды. Қандай да бір ресми компанияларда жұмыс істемейтін адамдар өздері шама-шарқынша табыс тауып, күн көреді, ешбір жәрдемақы талап етпейді. Бұл – жүз пайыз жоғары кірісі жоқ, әлеуметтік қамсыздандыруға мұқтаж белгілі бір әлеуметтік тап», дейді ол.
Десе де Мемлекеттік кірістер комитеті қазір жеке тұлғалардың кірісі туралы декларация кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын, 2024 жылы кәсіпкерлік қызметпен айналысатын барлық азамат (жеке кәсіпкерлер, директорлар, ЖШС құрылтайшылары) кіріс декларациясын тапсыруға міндетті екенін ескертті. Яғни болашақта бұл азаматтардың табысы салық декларациясында немесе жұмыс берушілерден түсетін ақпаратта көрсетілуге тиіс. Сондықтан енді өзін-өзі жұмыспен қамтығандар не жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркеліп, барлық аударымды жасауы немесе жұмыс беруші барлық жарнаны төлейтін қызметкер болуы керек.
Салықшылардың айтуынша, ең ыңғайлысы – барлық салық пен төлем есептеліп, түбіртек берілетін E-salyq Business арнайы мобильді қосымшасында ұсынылған патент негізіндегі арнайы салық режімдері (АСР). Бұл қарапайым тіркеуді, кірістерді автоматтандырылған есепке алуды, чекті бақылау-кассалық машинамен ауыстыруды, қосымша арқылы салық пен әлеуметтік төлемдерді есептеуді жүзеге асырып, декларация беру міндеттемелерінен босатады. Мобильді қосымша Әлеуметтік кодекске және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес салықты (алынған табыстың 1%-ы) және әлеуметтік төлемдерді (2024 жылға зейнетақы жарналары – 8 500 теңге, әлеуметтік аударымдар – 2 975 теңге, медициналық сақтандыруға жарналар – 5 950 теңге) есептейді.
Сонымен қатар егер жалдамалы жұмыскерлердің еңбегі пайдаланылмаса, ал жылдық табысы 12 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) аспаса, ЖК ретінде тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысу мүмкіндігі көзделген. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың арасында пәтерлерді жалға беруден табысы бар адамдар аз емес. Бұрын БЖТ төлеген пәтерді жалға берушілер үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз салық төлеу мүмкіндігі сақталады. Бірақ жеке табыс салығы бойынша декларацияны жылына бір рет тапсыру салық төлеушілердің осы санаты үшін міндетті болады. Сондай-ақ енгізіліп жатқан «платформалық жұмыспен қамту» қанатқақты жобасы интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін ЖК үшін салық төлеу үдерісін жеңілдетпек.