Президент Жолдауын жүзеге асыру: еліміздің өңдеу өнеркәсібі 6,1% өсім көрсетті
Мемлекет басшысының қуатты әрі әртараптандырылған экономика құру бойынша Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан өнеркәсібі қарқынды өсім көрсетіп отыр. Жалпы өндіріс көлемі 6,9%-ға артты, бұл ретте негізгі тиімділік көрсеткіші 6,1%-ға өскен өңдеу саласының қарқынды дамуы болып отыр. Бұл шикізат моделінен қосылған құны жоғары өнім шығаруға жоспарлы көшуді көрсетеді.
Өсу драйверлері – 14% өсім көрсеткен машина жасау сияқты басым салалар. Оң динамика металлургияда (+1,3%), химия өнеркәсібінде (+6%) және құрылыс материалдары өндірісінде (+4,7%) тіркелген, бұл экономиканың кешенді индустрияландыруын көрсетеді.
Өнеркәсіптік өсуді ынталандыру үшін Үкімет инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауда. Ірі кәсіпорындармен ұзақмерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімшарттар көлемі 2 есеге өсіп, 147 млрд теңгеден асты. 16 арнайы экономикалық және 55 индустриялық аймақ түріндегі инфрақұрылым белсенді дамып келеді.
«Арнайы экономикалық және индустриялды аймақтар – жаңа өндірістерді жүзеге асырудың негізгі құралдарының бірі. Аймақтар қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген және жобаларды жүзеге асыру үшін бизнеске беріледі. Өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа бастамаларды қолдау үшін шағын өнеркәсіптік аймақтар құру құралы іске қосылды, онда дайын өнеркәсіптік алаңдар жеңілдікті бағамен жалға беріледі. Мұндай аймақтар 8 өңірде салынуда, 90-ға жуық жобаны іске қосып, 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда»,
— деп атап өтті өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.
Осы жылы өңдеу өнеркәсібінде шамамен 1,5 трлн теңгеге 190 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, бұл 23 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
@KZgovernment