Екі ел арасындағы қарым-қатынастардың маңызды бағыттарының бірі – экономикалық ынтымақтастық. Жапония Қазақстан экономикасындағы ірі шетелдік инвесторлардың қатарына кіреді. Жиналған тікелей инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 8,5 млрд долларды құрайды, деп жазады Egemen.kz.
Жапония Азия даму банкінің (АДБ) және Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) ең ірі акционерлерінің бірі ретінде олардың посткеңестік республикалардағы қызметін кеңейтуге ықпал етті. АДБ үшін Қазақстанның 1994 жылы банкке қосылуы кезінде техникалық көмекті қаржыландырса, ЕҚДБ үшін ынтымақтастықтың арнайы қорын құрып, сараптамалық қолдау мен қажетті заңнамалық базаны дайындауға жәрдемдесті. Бұл Орталық Азияның жаһандық қаржы жүйесіне интеграциялануына, нарықтық экономиканың нығаюына және Қазақстанның өңірлік тәуелділігінің төмендеуіне ықпал етті.
Жапонияның Қазақстанға сенімі жоғары
Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Жапониядан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 468,6 млн долларға жеткен (+16%). Бұл көрсеткіштер жапон бизнесінің елдің экономикалық саясатына және инвестициялық ахуалына деген жоғары сенімін айқын көрсетеді.
Оң серпін өзара сауда-саттықта да байқалады
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы шамамен 1,8 млрд долларды құраған. Ал 2025 жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 1,4 млрд долларға жуықтаған.
Елімізде 70 жапон компаниясы бар
Қазақстанда Sumitomo, Marubeni, Toshiba, Mitsui және басқа да компанияларды қоса алғанда, шамамен 70 жапон компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Жапон тарапы тау-кен металлургиясы саласындағы, энергетикадағы, сондай-ақ транзиттік-көлік саласындағы ірі жобаларды іске асыруға белсенді қатысып келеді.
Marubeni компаниясы
Жапония нарығында Marubeni компаниясы сауда, инвестиция, минералдық ресурстарды өндіру мен өңдеу, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту салаларында көшбасшы болып саналады. Қазақстанда бұл компания Атырау мұнай өңдеу зауытын және Астана қаласының халықаралық әуежайын қайта жаңғырту жобаларына қатысты. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-мен бірлесіп, Хорасан уран кен орнын игеру және Қызылорда облысында күкірт қышқылы зауытын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Marubeni Қазақстанда декарбонизация және көмірқышқыл газы шығарындыларын азайту салаларындағы жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерттеп жатыр.
