"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ЖаңалықтарСпорт

Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанды

Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанды. Бұл Қазақстан үшін үлкен мақтаныш және ел спортшыларының халықаралық аренадағы жетістіктерінің айқын көрінісі. Елдос дзюдо спорты бойынша Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында өзінің шеберлігі мен табандылығын көрсете білді. Оның жеңісі тек қана жеке басының емес, бүкіл қазақстандықтардың абыройын асқақтатты.

Спортшының ел даңқын арттырып, көк туымызды көкке көтеруі Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан тыс қалмады. Мемлекет басшысы Елдос Сметовке қоңырау шалып, Олимп шыңын бағындыруымен құттықтады

– Қазақтың рухын, жалпы халқымыздың мықты мінезін көрсеттің. Бәріміз сені мақтан тұтамыз. Сөзіңде тұрдың, тамаша жеңіске жеттің, нағыз жігітсің! Сен сияқты жігіттердің арқасында туымыз әрқашанда асқақтап, желбірей берсін. Жаңа жеңістерге жете бер. Саған және отбасыңа аманшылық тілеймін. Астанада кездескенше! – деді Президент.

Елдос Сметов осыған дейін де көптеген жетістіктерге жеткен. Ол 2015 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, Қазақстанның дзюдо тарихында жаңа парақ ашты. Сонымен қатар, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында күміс медаль иеленіп, өзінің жоғары деңгейдегі спортшы екенін дәлелдеді. Елдостың Азия чемпионаттарында да бірнеше мәрте топ жарғаны белгілі.

Оның жетістігі ұзақ жылдар бойғы еңбегінің және жаттықтырушыларының қолдауының нәтижесі. Ол әрдайым алға ұмтылып, қиындықтарға мойымай, өз мақсатына жету үшін қажырлы еңбек етті. Осы жеңіс арқылы Елдос көптеген жас спортшыларға үлгі болып, олардың да өз армандарына жетуге ынталандырады.

Олимпиада ойындарында жеңіске жету – үлкен еңбек пен күш-жігердің нәтижесі. Елдостың жеңісі еліміздің спорт саласындағы жаңа белестерді бағындыруына үлкен серпін береді. Қазақстан халқы оны мақтан тұтады және болашақта одан да үлкен жетістіктерге жетуіне тілектес. Елдос Сметовтың Олимпиада чемпионы атануы Қазақстан спортының дамуындағы маңызды кезеңінің бірі.

Толғанай ЕСБОЛСЫНҚЫЗЫ

ПІКІР ЖАЗУ