"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Еңбек адамы

АДАЛ ЕҢБЕКТІҢ ШЫҢЫ

Қоғамда қажырлы еңбегімен, саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған азаматтар жетерлік. Солардың бірі — аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Байдолла Ілиясұлы Өмірбаев. Ақсақалмен арадағы әңгімемізді оқырман назарына ұсынамыз.
Байдолла Ілиясұлы Өмірбаев 1934 жылы 7 сәуірде бұрынғы Қарабұтақ ауданы Қайрақты ауылы Тікаша колхозында дүниеге келген. Жастық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен дөп келген бала Байдолла отбасылық жағдайларына байланысты оқуға да кеш барған. Соғысқа аттанған әкесі Ілияс 1945 жылы жараланып, елге оралады. Ол Бөгетсай ауылында 1948 жылы 1 сыныпқа барған. Алайда шопан болған әкесіне көмек беру үшін оқуын тоқтата тұруға тура келген. Ақтөбе қаласындағы №6 мектепке 1950 жылдары 2 сыныпқа қабылданады. Денсаулығына байланысты мұндағы оқуын да аяқтауға мүмкіндік болмаған. Еңбекке ерте араласқан Байдолла осылайша тағдыр тәлкегімен жүріп, тек 7 сыныпты 1954 жылдары бұрынғы Мағаджан совхозының орта мектебінен тәмәмдайды. Кейін Темір қаласындағы ауылшаруашылық техникумын 1958 жылы бітіріп шығады.
Оқуын аяқтағаннан кейін шаңырақ көтеріп, сол жылы Мағаджан совхозына мал дәрігері болып жұмысқа орналасады. 1995 жылға дейін бұрынғы Мағаджан, Новоресей, Құдықсай, Жамбыл совхоздарында мал дәрігерінен бастап, ферманың басқарушысы лауазымына дейін адал еңбегімен көтеріледі. Байдолла ақсақал өзінің еңбек жолын үлкен тебіреніспен еске алады.
Адам баласын шыңдайтын да, шынықтыратын да адал еңбек екені әмбеге аян. Еңбек жолында көңіл көншітер көрсеткішпен Байдолла атаның есінде сақталып қалған ерекше шопанның бірі — Новоресей совхозының 2 фермасында жұмыс жасаған Василий Нестаренка болса, малшылар — Сансызбай Меңдіғарин мен Төлеу Майлыбаев еді. Олар сол кездегі жоғары көрсеткішке қол жеткізе білді. Қажырлы еңбектерінің арқасында 100 сиырдан 90 бұзау алған екен. Одан кейін малшы Әбдікеш Қарабаев пен аға малшы Нұртеген Нұртазиндердің де есімін ақсақал әлі күнге ұмытпапты. Олардың көрсеткіші ол кезде екінің-бірі қол жеткізе алмайтын көрсеткіш болатын. Олар 100 сиырдан 90-95 бұзау ала алған.
Осындай қайнаған еңбектің ортасынан шыққан Байдолла атамыз 1998 жылдан бері құрметті зейнеткерлік демалыста. Тағдыр қосқан жарымен 10 бала дүниеге әкеліп, өсірген ол жұбайымен 53 жыл бірге болған. Отанасы 2013 жылы дүниеден өткен. Бүгінде 25 немере, 45 шөберенің атасы Байдолла ақсақал тоқсаннан асса да «әлі елге берерім бар» деп, қоғамдық шаралардан қалыс қалмайды.
Ол Жеңістің 79 жылдығына орай мемлекет тарапынан көрсетілген бірреттік ақшалай әлеуметтік төлемге ие болған. Ардагерлерге, еңбек адамдарына көрсетіліп жатқан зор құрмет келер буынға үлгі, мемлекеттің саясатының дұрыс бағытта екенінің жемісі екенін тілге тиек етті.
— Балалық шағым ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келді. Әке-шешеміз бізді асырау үшін үйдегі пайдаға асатын заттарды астыққа айырбастаған. Ол кездерде тышқан аулап жеудің өзі қиын болған. Ашаршылықтан талай ағайыннан айрылған. Одан кейін сұрапыл соғыс жылдары басталды. Жас-кәрінің бәрі еңбек етті. Біз де еңбекке ерте аралстық. Сондай нәубет заманнан өттік, естідік, көз көрді. Қазіргі ұрпақ тыныштық пен бейбітшіліктің қадірін білуі керек. Қалғаны өз уақытымен болады. Біз — төзімді халықпыз. Сұм заман мен сұрқия саясаттан аман қалғанбыз. Енді бәріміз бірлесіп егемен еліміз үшін, болашағымыз үшін еңбек ете білуіміз керек. Адамды адал еңбек қана шыңға шығарады, — дейді Байдолла Өмірбаев.
«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмайды» демекші, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үнемі еңбек адамдарына басымдық беріп, алға шығарып, елге үлгі етіп отырады. Ер еңбегімен елеулі деген осы болар…

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА.

ПІКІР ЖАЗУ