"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Еңбек адамы

ГҮЛЖАННЫҢ ЖОБАЛАРЫ

Тәуелсіздіктің төл құрдасы Гүлжан Жұмағалиқызы — Хромтаудың перзенті. Дөң тау-кен байыту комбинатында жемісті еңбек етіп жүрген Гүлжан — біздің кезекті кейіпкеріміз. Заман талабына сай мамандықты меңгерген ару комбинатта жұмыс істеп қана қоймай, қызмет көрсету бағытында бизнес жүргізіп отыр.

Гүлжан Жұмағалиқызы комбинатта штаттық режимде жұмыс істейді. Бүгінде ол қосымша кәсіп ашып, қыздардың бетін әрлеп, шашын сәндейді. Тұрақты клиенттері де бар.

— Сегізінші сыныпта оқып жүрген кезімде нағашы апамның шашын өріп, өз қиялымнан түрлі шаш үлгісін жасайтынмын. Оның үстіне нағашы апам «шашымды сенен басқа жасайтын ешкім жоқ», — деп талап қоятын. Қиялымды оятқан сәт сол шығар деп ойлаймын. Мен бұл кәсіпті таңдадым деп айта алмаймын, керісінше, осы кәсібім мені таңдаған сияқты. 2014 жылы Ақтөбеден кәсіби «бет әрлеу/шаш үлгісі» курстарын оқып алып, қолымның шеберлігін арттыра бердім. Кәсіби курс оқуға және құралдар алу үшін үлкен қаржы керек еді. Қаржы болмай, Хромтау қаласының атынан Ақтөбеге баскетболдан қыздараралық жарысқа бардым. Күндіз жарысқа қатысып, кешкілік оқуға барып жүрдім. Дипломдық жұмыс тапсыруға бір күн қалғанда ойын барысында сәтсіз құлап, аяғымды қайырып алдым. Алайда дипломдық жұмыс та қорғалды.

Сөйтіп Хромтауға келіп кәсібімді бастап кеттім. Ең бастысы — алдыңа келген кез келген адамға құрметпен қарап, көңілін таба білу керек. Қазір бос уақытымда қыздардың бетін әрлеп, шаш үлгілерін жасап жүрмін, — дейді Гүлжан.

Жастайынан сөзіне де, ісіне де тиянақты Гүлжан бүгінде аудан орталығындағы қолы алтын бет әрлеушілердің бірі. Кәсіпкерлікті күнделікті комбинаттағы жұмысымен қатар алып жүр.

— Бүгінде еңбек етемін дегендерге қай салада да жол ашық, мүмкіндік көп. Қазір қолында құжаты бар стилист, визажистпін. Бұл комбинаттағы жұмысыма кедергі келтірмейді. Керісінше, соның арқасында тұрақты клиенттерім бар. Осы кәсібімнің арқасында 2019 жылы белгілі әнші Димаш Құдайбергеннің «Бақытты бала» жобасына қатысып, шетелден келген өнерпаздардың бетін әрлеп, сахнаға шығардық, —дейді кейіпкеріміз.

Әңгіме барысында Гүлжан өзінің туған өлкесінің тәуелсіздік жылдарында адам танымастай өзгергенін айтты. Бұрынғы шағын кеншілер қалашығы қазір үлкен ауданның орталығына айналған.

 

Хромтау — моноқала мәртебесі бар республикадағы жалғыз аудан орталығы. , бірнеше үйірмесі мен бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру орталығы аудандардың ішінде ең бірінші болып Хромтауда ашылды. Хромтаулықтар жаңашылдыққа құмар. Жастары да жалындап тұр. Қаламыз күн санап үлкейіп келеді. Туған жерімнің күннен-күнге гүлденіп келе жатқанына қуанамын, әрі соған өзім де барынша үлес қосуға тырысамын, —деген Гүлжанның аталған бағытта да үлкен іс тындырып жүргенін естідік.

Ол 2020 жылы Хромтау қаласы бойынша «Халық қатысатын бюджет» жобасына қатысып, екі жобасын ұсынған. Жобалары қолдау тауып, №4 Хромтау орта мектебінің жанынан автотұрақ салынып, қалада орталық жастар аллеясы ашылды.

— Еліміздің алдында үлкен мақсаттар мен міндеттер тұр. Жас мемлекетіміздің құрдасы ретінде мен де үнемі алдыма мақсат қойып, соған жету жолында аянбай еңбек етіп келемін. Ал көздеген мақсатыңа жету үшін қайрат, талап, жігер қажет. Бұл қасиеттер республикамыздың әрбір азаматының бойында болса, еліміздің әріқарайғы дамуына еш кедергі жоқ. Өмірдегі ең басты ұстанымым — адамдық қасиетімді жоғалтып алмай, адал болып қалу. Өйткені мен — республиканың құрдасы, тәуелсіз елдің перзентімін! — дейді Гүлжан Жұмағалиқызы.

Ол қолы қалт етсе, бассейнге барады. Волейбол, баскетбол ойнағанды жақсы көретін кейіпкеріміз өзі меңгерген саланың майталман маманы. Әрбір қолға алған жобасы арқылы өзінен кейінгі жастарға үлгі болып жүр.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ