"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Еңбек адамы

ҚАСІРЕТІ КӨП ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР

Әлемдік батыл саяси өзгерістерге алып келген ядролық қарудан бас тарту шешімі — еліміздің тәуелсіздік алдындағы алғашқы саяси қадамдарының бірі еді. Америкадағы Невада полигонынан кейін екінші болып 1991 жылдың 29 тамызында Семейдегі ядролық сынақ алаңын жабу шешімінің артында Олжас Сүлейменов пен қазақ жастары бастаған «Невада-Семей» қозғалысының еңбегі тұр десек қателеспейміз. Сонау 1949 жылдан бастап мыңдаған сынақ көзіне айналған киелі жердің қасіреті айтпаса да түсінікті. Радиация салдарынан туған кемтар жандардың тағдыры мен табиғаттың теңсіздігі салдарына нүктесін қойған Жарлық шыққан күнге биыл 33 жыл толып отыр.

Ұлт қасіретін көзбен көрген жерлесіміздің бірі Виктор Семин арнайы полигонда 1964-1967 жылдары мемлекеттік құпия болып есептелетін аталмыш нысанның инженерлік сынақ тобында химик-барлаушы ретінде әскер қатарында болған. Ядролық қарулардың жасалғанын көрмесе де, жарылғанын көрген барлаушының естеліктерінен жан түршігеді.

— Бұл полигонда мерзімді әскери міндетімді орындауға келгенде Кеңес үкіметі АҚШ-пен «суық соғыс» жүргізіп жатқан кезең еді. Американы тоқтату үшін Семей ядролық полигонында 65 мегатонна жарылғыш дайындалған болатын. Оның қуаттылығы қала емес, тұтас бір мемлекетті жоятын құдіреті болды. Ал оның әсерін білу үшін ғалымдар арнайы сынақтар санын көбейткен болатын. Негізгі жарылыстар таулы аймақтарда, жер астында өткізілді. Өзімнің көзім көрген ең үлкен жарылғыш қарудың көлемі 20 мегатонна фротил болды, — деген Виктор ақсақал сынақ жұмыстарындағы негізгі міндеттерін де еске алды.

Оның айтуынша, жарылғыш қару жарылғаннан кейінгі пайда болатын радиация бағыты мен жылдамдығын анықтау процесі негізгі алғышарт екен. Себебі, ғалымдар межелеген инженерлік құрылымдардың әсерінен кейбір гипотезалар орындалмайтын көрінеді.

— Жоғарыда айтқан 20 мегатонна фротил «Г» нүктесінде жарылды. Арнайы жабдықталған көлікте алдымен радиация жылдамдығын анықтадық. Ұңғымадан шыққан радиация 300 милирентген жылдамдықпен шығысқа қарай беттеп кетті. Ал біз анықтаған ақпаратты орталыққа хабарлап болып, кері бағытқа қаша жөнелдік. Мен қызмет атқарған үш жылда 20-ға жуық сынаққа қатыстым. Сол үшін 12 рет Құрмет грамотасымен де марапатталдым. Бірақ бұл істерімді ешқашан мақтан тұтқан емеспін, — дейді ол.

Семей сынақ алаңының құпиялылығы соншалық, сол жерде қызметте болған Виктор секілді қарапайым әскерилерге дейін толық бақылауда еді. Тіпті қызметінен соң 20 жылға дейін шекарадан асуға рұқсат етілмеген. Әскери билетке де тіркетпеген. Сол үшін де кейін қиыншылықтар болған.

— Әскери-стратегиялық маңызы зор нысанның үлкендігі соншалық, Семей тауларынан Бетбақдалаға дейінгі аралықта 3 жылдың қалай өткенін сезбей де қалдық. Алайда, қызмет аяқталар тұста арнайы тексеру жұмыстары көбейе бастады. Оны өзіміз де түйсігімізбен түсініп, биліктің айтқанына көндік. Тек полигон жабылғаннан кейін сол жерде қызмет еткенімді дәлелдеу қиынға соқты. Себебі сол кездегі құпия деректердің күші әлі де сақталып тұр еді. Алайда, тәуелсіздігіміздің арқасында мені Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестіріп, Семей ядролық сынақ полигонының ардагері ретінде танылып, барлық жеңілдіктер мен өтемақыға ие болдым, — деген барлаушы қазіргі таңда қоғамдық жұмысқа белсене араласатын зейнеткер.

Ядролық қарудан зардап шеккендер мен сол салада жұмыс істеген жандардың барлығына мемлекет тарапынан жан-жақты бекітілген көмек түрлері көрсетіледі. Мәселен, Виктор Николаевич өтемақыдан бөлек оңалту-сауықтыру орталықтарына барып тұратынын айтты. Ал қазіргі таңда ауданымыз бойынша осындай санатта 3 адам қалған. Жалпы 120 хромтаулық осы зілзаланың кесірін көрсе, соның 8-і Виктор секілді полигон қызметкері болып есептелген екен.

Ядролық сынақ полигонында жерлесіміз Виктор Семин ең қауіпті кезеңде қызмет атқарған десе болады. Себебі, сол жылдар аралығында аса қауіпті бомбалар жарылып, 2 млн-нан аса халық жазықсыз радиация құрбаны болған. Тіпті кейбір сынақ аймақтарында техникалық қауіпсіздіктердің дұрыс сақталмағаны да анықталған. Осындай адам сенгісіз құпия жағдайлардың барлығы бүгінде ашылып, зардабын жою жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ