Кәсіби мереке қарсаңында АМК экскаватор машинисі Марат Сақтаев үздік еңбегі үшін мемлекеттік марапатқа ие болды. «Ерен еңбегі үшін» медалін жұмысшыға облыс әкімі Асхат Шахаров табыс етті. Ол Қазақстанның тау-кен металлургия саласындағы 600-ге жуық еңбек озаттары мен ардагерлерінің қатарында марапатталды. Марат Сақтаев Хромтау ауданына қарасты Майтөбе ауылының тумасы. Оның жалпы еңбек өтілі шамамен 37 жыл, соның басым бөлігінде ол экскаватор тізгіндеп келеді.
Қызметкерлерді Көктөбе ауылындағы кәсіпорында да құттықтады. Компания атынан шамамен 250 қызметкер Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға ие болды. Ақтөбе мыс компаниясының бас директоры Фарит Суфьянов әріптестеріне кәсібилігі, адал еңбегі және кен өндіруден бастап кенді өңдеуге дейінгі барлық технологиялық тізбектегі әрбір қызметкердің қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Металлургтер күні аясында кәсіпорында «Жылдың үздік қызметкері» корпоративтік байқауының қорытындысы шығарылды. Жеңімпаз – «Весенне-Аралчинское» шахтасының жерасты тау-кен жұмыстары учаскесінің үңгушісі Әсет Тальменов атанды. Ол компаниядан естелік каска мен ақшалай сыйлыққа ие болды.