Хромтау ауданының Ақжар ауылдық округінде Қуаныш Озғанов есімді дәрігер тұрады. Зейнеткерлік жасқа жеткен ақ халатты абзал жанмен мереке қарсаңында сұхбаттасқан едік.
— Дәрігерлік жауапты мамандықты көп адам таңдай бермейді. Бұл мамандықтың жауапкершілігінде адам тағдыры тұр. Медицина саласына деген қызығушылық неден пайда болды?
— Балалық шағым соғыспен, соғыстан кейінгі қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. 1940 жылы 22 наурызда бұрынғы Қопа кеңшарының Ор өзені бойындағы Байжер деген жерінде дүниеге келдім. Қопа кеңшарында 7-сыныпқа дейін білім алып, сол кездегі аудан орталығы Новоресейде (қазіргі Ақжар ауылында) 10 жылдық білімімді аяқтадым. Сөйтіп әжемнің көңілін жықпай, жаңадан ашылып жатқан Ақтөбе кооперативтік техникумына 1957 жылы оқуға түсіп, үш жыл оқып, бухгалтер мамандығын тәмамдадым. Оқуды бітірген бойда Байғанин ауданына бухгалтер болып жұмысқа орналастым. Менің өміріме үлкен өзгеріс әкеліп, үнемі ақыл-кеңесін айтып отыратын үлкен әжем еді. Ол кісінің 9 баласы болған. Соның ішінде менің әкем 1942 жылы соғысқа аттанып, 1945 жылы Жеңіспен аман-сау елге оралған. Балаларының ішінде жалғыз менің әкем ғана тірі қалғаннан кейін, әжем мені алысқа жібермеуге барын салатын. Сөйтіп, бухгалтер болып қызмет жасап жүргенде әскер қатарына шақыртылдым. Алайда әжем мені әскерге жібергісі келмеді. Сол кезде балалық арманым дәрігер болсам деген ойымды жүзеге асыруға мүмкіндік болды. Медицина институтына оқуға түссең, әскери билетті қатар алып шығасың. Соны айтып, әжемді көндіріп, 1962 жылы медициналық институтқа тәжірибелік хирургия мамандығы бойынша оқуға түстім. Алты жыл оқып, нәтижесінде сертификатталған маман ретінде Ойыл ауданына жұмысқа жіберілдім. Алты жыл Ойыл ауданында қарапайым дәрігерден бастап, бас дәрігердің орынбасары лауазымына дейін көтерілдім. Жетпісінші жылдардың басында осы ауданда Ақтөбе медициналық училищесінің филиалы ашылды. Филиал директоры болып, аурухана мен оқу орнындағы жұмысты қатар алып жүрдім. Сол кездері 90-ға жуық мейірбикеге жолдама бердім. Қазір сол медибикелер облыстық, аудандық ауруханаларда абыройлы қызмет атқарып жүр. Ойыл ауданындағы алты жыл қызметімнен кейін елге оралуды жөн санадым. Сөйтіп Новоресей ауданына келіп, дәрігерлік қызметімді жалғастырдым. Осында 16 жыл еңбек етіп, 1994 жылы Хромтауға келіп, бас дәрігер қызметінде жұмыс жасадым. Алайда отадан қол үзбедім. Осы қызметтен зейнетке шығып, туған ауылыма қайта оралдым. Осында 80 жасқа дейін жұмыс жасадым.
— Дәрігерлік қызмет еткен жылдары есте қалатындай жағдайлар көп кездескен болар…
— Дәрігердің өмірінде ондай жағдайлар өте көп кездеседі. Мәселен, қазіргі Ақжар ауылына жұмысқа келген жылдарым. Күре жолдың бойында орналасқан ауыл болғасын түрлі жағдайлар болып жатады. Хирургиялық, гинекологиялық және өзге де бағытта жылына 1500-ге жуық операция жасайтынбыз. Ойыл ауданында еңбек етіп жүргенімде болған бір жағдайды әлі ұмытпаймын. Қыста Ойыл ауданынан 180 шақырым жердегі Алтықарасу ауылына шұғыл шақырту түсті. Жүкті әйелдің жағдайы өте ауыр екен. Ауа райының қолайсыздығына байланысты санавиация да, жедел жәрдем де ол жаққа бара алмады. Шұғыл түрде жергілікті ауруханадан жедел медициналық бригада жиналып, ауыл әкімдігінің көмегімен жүк көлігіне мініп, алты сағат дегенде діттеген жерге жеттік. Науқас көп қан жоғалтқан. Ойлануға уақыт жоқ, сол жерде шұғыл шешім қабылдап, жұмыс жасауға тура келді. Ауыл адамдарына қан тапсыртып, барымызды салып, науқасты аман алып қалдық. Үш күннен кейін ауа райы тұрақтанғаннан кейін санавациямен әлгі әйелді Ақтөбе қаласына жібердік. Сол науқас күні кешеге дейін алғысын айтып жүретін. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін дәрігер жұмысында мұндай жағдайлар көп болады.
— Салауатты өмір салтын қалай ұстанасыз?
— Әкем көпбалалы отбасында дүниеге келген. Соғыс көрген адам, денсаулығы да жақсы болды. Менің де әдемі қартаюымның бір себебі осындай себептерден деп білемін. Жас кезімде волейбол, бокс секілді спорт түрлерімен шұғылдандым. Әлі күнге дейін салауатты өмір салтын ұстанамын, көп қимыл-қозғалыста жүргенді жаным сүйеді. Жасым сексенге келсе де жаяу жүріп, велосипед тебемін, жаттығу жасаймын. Көп қимыл қозғалыс денсаулыққа жақсы әсер етеді.
Ақбаян Қожабекова
1 пікір
Very interesting details you have noted, thank you for putting up.Blog monetyze