Ауданымызда күзгі санитарлық тазалық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Әр апта сайын ұйымдастырылатын сенбіліктер нәтижесінде қала мен ауылдық округтерде тазалық жұмыстары жүйелі жүргізіліп, бәрі жұдырықтай жұмыла қоршаған ортаның тазалығына үлес қосып келеді. Тазалық жұмыстарына мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерімен қатар, аудан тұрғындары да атсалысып, қала мен ауыл тазалғына үлес қосты.
— Біз мекеме қызметкерлерімен қатар, өзіміздің қаламыздың тазалығына үлес қосу үшін сенбілікке шықтық. Жапырақтар мен қоқыстарды тазалап, айналамызға көңіл бөліп жатырмыз. Барлық аудан тұрғындарын қоршаған ортаға бей-жәй қарамай тазалық жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын, — дейді қала тұрғыны Батырхан Сарбасов.
Ауданда өткізілген «Таза өлке» акциясына 2 520 адам қатысып, тазалық жұмыстарына 22 арнайы техника тартылып, 15 тонна қоқыс арнайы орындарға шығарылды.
Тазалық жұмыстарының нәтижесінде бағандар әктеліп, аумақты қоқыстан, құрғақ жапырақтардан жинау, ағаштарды түптеу, бекітілген аумақта орналасқан мекемелер, кәсіпкерлік нысандардың аумақтарын абаттандыру, қоршауларды жөндеу, сырлау бойынша жеке тұрғын үйлердің меншік иелеріне хабарламалар таратуды ұйымдастыру сияқты іс-шаралар атқарылды.
Мұндай шара табиғатқа жанашырлықпен қарап, қоршаған ортаның тазалығын сақтау, аудан тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға ықпал ететіні анық.
Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА.