"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Еңбек адамы

ТЕҢБІЛ ДОПТЫҢ ТӨРЕСІ

Шаршы алаңда теңбіл допты ұршықша

иіретін футболшы әрі жаттықтырушы Марат Махманов спорттың бұл түрімен жеті жасынан айналысады. Шәкірт тәрбиелеп, білгенін өскелең ұрпаққа үйретіп жүрген жаттықтырушыны біз аз-маз сөзге тартқан едік. Кейіпкеріміз уақытында атынан ат үркіген, қазір ұмыт бола бастаған «Горняк»командасының ойыншысы.

— Хромтаулықтар «Горняк» командасы болып компания қаржысына 1995-1996 жылдары болу керек, әлем чемпионатына аттандық. Норвегия елінің астанасы Осло қаласында балалар арасында өткен әлем чемпионатына қатыстық. Әскерге кеткенге дейін футбол ойнадым. 2001 жылы Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеуге әскерге аттандым. «Горняк» командасында 2004-2008 жылдар аралығында ойнадым. Шабуылшы болдым, — дейді Марат Махманов.

Ол 2004 жылы «Горняк» командасы үшін кәсіпқой үлкен футболда бірінші лигада ойнағандарын айтады. Одан кейін «Ақтөбе Жас» командасында үлкен футболда бірінші лигада ойнапты. «Содан кейін кіші турнирлер өтті. Әуесқойлар арасында өткен турнирлерге қатысып, жүлделі орындар алдық. Әрдайым «Үздік ойыншы», «Үздік бомбардир», «Үздік шабуылшы» аталымдарын иелендім. Бертін келе «Інжу» командасында кәсіби түрде шағын футбол ойнадым. Шағын футболдан Қазақстанның қола жүлдегері атандық. 2017 жылдан бері осы салада жаттықтырушымын», — дейді кейіпкеріміз.

Шәкірт тәрбиелеп жүріп, ойыннан қол үзбеген жаттықтырушы әуесқой футболдан бақ сынап жүр.

Шәкірт тәрбиелеп, жаттықтырушы бола жүріп, әуесқой футбол ойнаймын. Жақында Қазақстан құрамасының атынан Еуропа чемпионатына бардық. Өкінішке қарай, ұтылдық. Өткен жылы Қазақстан чемпионатына «Ақтөбе» командасымен турнирге барып, І орын алдық. Қазір балаларды жаттықтырамын, дайындаймын. Бұл — менің хоббиім әрі сүйікті ісім, — деді Марат Мұхамбетқалиұлы.

«Ұстаздан шәкірт озар», «Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы» деген дана халқымыз. Жаттықтырушы қызметінде де Марат жоғары көрсеткішке қол жеткізіп жүр. Бүгінде 150 баланы теңбіл допқа баулып жүрген футболшының шәкірттері жоғары деңгейде ойын көрсетіп, атақты командалардың ойыншылары атанып үлгерген.

Шәкірттерімнің жеңісі—менің жеңісім. Олардың әрбір жеңісі мен үшін де үлкен қуаныш. Жақында Рудный қаласында ERG компаниясы қызметкерлерінің балалары арасында «ССКӨП» АҚ кәсіпорнының 70 жылдығына арналған турнир өтті. Қатысушылардың жас шамасы — 11-12 жас. Теңбіл доп додасына алты команда қатысты. Хромтаулық «Горняк» командасы І орынды иеленді. Оның ішінде Зинұр Қыстаубай «Үздік ойыншы» атанды.

Менің тағы бір шәкіртім Қазақстан құрамасында үлкен футболда ойнайды. Одан бөлек екі шәкіртім кәсібилер арасында жоғары лигада Қазақстан құрамасында ойын көрсетіп жүр. Сондай-ақ шәкірттерім «Қайрат» футзал клубында ересектер арасында ойнайды.

2010 жылғы шәкірттерімнің бірі Қазақстан құрамасында, қалғандары «Ақтөбе» командасында ойнап жүр. Сонымен қатар тағы бір шәкіртім шағын футболдан «Қазақстан» құрамасына кірді. Қыркүйек айында Ташкентте кәсіпқойлар арасында чемпионат өтеді.

Сол додаға біздің хромтаулық шәкіртім Дамир Қайырбаев «Қазақстан» құрама командасының атынан қатысатын болады. Ал өзі шағын футболдан «Қайрат» футбол клубының ойыншысы, — дейді жаттықтырушы Марат Махманов.

Табан ет, маңдай термен келетін, еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін демін ішіне тартып қарайтын, жанкүйер болатын футбол ойынында Марат пен оның шәкірттеріне жеңісті сәттері көп болсын дейік.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ