"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ҰҒЫМЫ МОЛ ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ
1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат — «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Ресми мәліметтерде бұл құжаттың Қазақстанның нағыз тәуелсіздігіне апаратын құқықтық бастама болғаны жазылады. «Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, еліміздің еркіндік жолындағы аса маңызды жүйеленген саяси-құқықтық қадамы жасалды. 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Тәуелсіздігіміздің бастауында дәл осы Егемендік туралы декларация тұрғаны анық. 25 қазан еліміздің азаттыққа ұмтылыс жолында тағдыршешті нәтижеге алып келген күн ретінде қадірлі болып тұр. Сондықтан еліміздің Тәуелсіздігі осы күннен бастау алатынына күмән жоқ», — делінген ресми мәліметтерде.

Егемендік декларациясы және тарихи қадам
Әлем елдерінің біразы республика күнін ерекше атап өтеді. Сонымен қатар бұл мереке мемлекетімізде 1992 жылдан бастап атаулы күндер қатарына енгізіліп, 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде тойланды. Ал 2009 жылдан бері Республика күні атаулы күндер қатарынан түсіп қалды.
«Мен Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсындым. Оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтердім. Бұл бастама халықтың кең қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Биылдан бастап Республика күні — ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні — бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Сондықтан осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ», — деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Егемендік декларациясы халықтың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі екенін қадап айтты.

Азаттыққа ұмтылыстың айғағы
Тарихқа көз жүгіртсек, 1990 жылдың 25 қазаны мемлекетіміз дәуіріндегі ерекше дата болғаны сөзсіз. Бұл күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат — «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Қазақстанның толық мемлекеттік тәуелсіздігін ресімдеудің жаршысы болған бұл құжатты дайындау кеңестік империяның кеңістігінде белең алған экономикалық және саяси құлдырау жағдайында жүргізілді. Осы ретте бұл құжаттың оңайлықпен қабылданбағанын да айта кеткен жөн. КСРО Жоғарғы Кеңесі басшылығы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдануын үнемі тежеп отырғаны белгілі. Сондықтан Қазақстанның тағдырын шешкен осы саяси-құқықтық құжатты әзірлеу әрі қабылдау азаматтық батылдықтың көрінісі болды.

Ләззат Әбдірова

ПІКІР ЖАЗУ