Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиев бастаған ақпараттық түсіндіру тобы ауданға келді. Түсіндіру тобының құрамында облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Баянбек Қырықбаев, сонымен қатар облыстық ветеринария, кәсіпкерлік басқармалары мен қаржы ұйымдарының өкілдері болды.
Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың, сондай-ақ ақпараттық топ мүшелерінің қатысуымен ауданымызда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің, мемлекеттік орган басшылары мен ауыл әкімдерінің басын қосқан жиын өтті.
Жиында сөз алған аудан әкімі Н.Тілеумұратовтың айтуынша, қазіргі таңда ауданымызда агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Жыл сайын саланы мемлекеттік қолдау шаралары қарқынды дамуда.
Өткен жылы ауданымызда 111 мың 922,7 гектар жерге егіс егілді. Атап айтсақ, дәнді дақылдар үлесі — 51116,39 га, майлы дақыл — 14 942,3 га және мал азығы дақылдары — 42 388,5 га, көкөніс, бақша алқаптары 728 га құрады. Табиғи қолайсыз жағдайларға қарамастан орташа түсім гектарына — 11,5 центнер. Былтыр 31275 га егіс алқабына гербицидпен өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Ресми мәліметке сүйенсек, ауданымызда биыл 962 ірі қара және 1800-ден астам ұсақ мүйізді мал сатып алынды. Сонымен қатар 2023-2024 жылдары мал қыстау кезеңіне 198,2 мың тонна шөп дайындалды.
Мамандардың айтуынша, саланы дамытуға байланысты нақты жұмыстар қолға алынған. Атап айтсақ, өткен жылы машина-трактор паркі жаңартылып, 110 дана техника сатып алынған.
— Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында жүргізіліп жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалпы құны 675,3 миллион теңге болатын 150 жоба мақұлданды. Оның ішінде құс шаруашылығы бағытында — 78 жоба, өсімдік шаруашылығы бағытында — 10 жоба, шағын және орта кәсіп бағытында 59 жоба және мал шаруашылығы үшін 3 жоба жүзеге асырылды, — деді сала мамандары.
Жиын барысында ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстар жайы да баяндалды. Белгілі болғандай, осы жылы аумақтарды дамыту жоспарына сәйкес Хромтау ауданы бойынша 109 мың 922,7 гектарға егін егілмек. Қазіргі таңда қажеттілігіне қарай 5327 тонна тұқым құйылды. Оның ішінде дәнді дақылдардан — 5093 т, мал азығы дақылдарынан — 85 т, майлы дақылдардан — 225 т және картоп дақылы бойынша — 280 т. Сондай-ақ 9557 т тұқым сараптамаға тапсырылған. Дизель отыны бойынша барлығы 34 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі 1076,01 тонна өтінім беріпті.
Басқосуда ауданды дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау мақсатында атқарылып жатқан шаралар жайы да сөз болды. Былтыр аудан бойынша
құны 422 млн тг құрайтын 6 жоба толық орындалған. Олардың қатарында Бөгетсай ауылындағы «Шамшина» жылыжай құрылысы салынып, бірқатар шаруа қожалықтарында ірі қараның қатары толықты.
Жиын барысында Асылхан Әбтиев ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Шаруа қожалықтары да ұсыныс-пікірлерін ортаға салды, мәселелер де айтылмай қалмады. Аудан аумағында кейбір шаруашылықтар жалға алған жерді мақсатсыз пайдаланып отыр. Ал мал санын көбейткен кейбір тұрғындар үшін жайылымдық жер өзекті мәселеге айналған.
Ләззат ӘБДІРОВА