"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

АЭС — тиімді энергия көзі

Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында АЭС салу – болашақтағы маңызды қадамдардың бірі. Біздің елімізде энергия тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді, ал дәстүрлі энергия көздері сарқылып, көміртегі қалдықтарын азайту қажеттілігі туындап отыр. АЭС – көмірқышқыл газын шығармайтын тиімді энергия көзі, бұл Қазақстанның экологиялық тұрақтылыққа қол жеткізуіне және климаттық өзгерістермен күрес жолында маңызды рөл атқаруына мүмкіндік береді.

Алайда, АЭС құрылысы мен оның жұмысын жүргізуде ең басты назар қауіпсіздікке аударылуы керек. Әлемде болған атом апаттары қоғамды алаңдатып отырғаны рас. Сондықтан, Қазақстанда АЭС салу кезінде ең заманауи қауіпсіздік технологиялары мен халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін шаралар қолданылуы шарт. Қоғамдық пікір мен тұрғындардың мүдделерін ескеріп, ашық диалог орнату қажет. Бұл шешім еліміздің энергетикалық қажеттілігін қамтамасыз ету үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де жауапкершілікпен қабылдануы тиіс.

Сонымен қатар, АЭС салу арқылы елімізде жоғары технологиялы өнеркәсіптер мен жаңа жұмыс орындарын ашуға, ғылым мен техниканың дамуына үлес қосу мүмкіндігі бар. Бұл қадам Қазақстанның экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеріп, энергия тәуелсіздігін нығайтады.

Дүйсенбаев Жаслан Сағынтайұлы — Хромтау аудандық мәслихат депутаты

ПІКІР ЖАЗУ