"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

АГРОСЕКТОР: КЕШЕНДІ РЕФОРМА, СЕРПІНДІ ДАМУ

 

— Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын өркендету бағытында түрлі салаларға қатысты біраз мәселені алға тартты. Соның ішінде агроөнеркәсіп саласына ерекше тоқталды.
Президенттің агроөнеркәсіптік кешенге басымдық беруі — экономикалық өсімді әртараптандырудың және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы. 2024 жылғы рекордтық өнім көлемі мен 13,7%-дық тұрақты өсім ауыл шаруашылығына жасалған инвестициялар мен тиімді мемлекеттік қолдаудың оң нәтижесін көрсетеді. Алайда алдағы міндеттер де ауқымды. Президенттің кемінде 700 миллиард теңге бөлуді тапсыруы — саланы одан әрі дамытуға серпін бермек. Бірақ қаржыны тиімді пайдалану, жаңа технологияларды енгізу, су ресурстарын үнемдеу және логистиканы жетілдіру сияқты мәселелер де назардан тыс қалмауға тиіс. Сондай-ақ, ауа райы мен сыртқы нарықтағы жағдайлар агроөнеркәсіптің тұрақтылығына әсер ететінін ескеру қажет.
Бұл саланы жетілдіру бағытында нақты тапсырмалар да жүктелді. Облысымызда, оның ішінде Хромтау ауданында агросекторды дамытуға айрықша басымдық берілген. Атап айтсақ, шаруалар мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын сезініп, өз кәсіптерін алға жылжытуда.
Жалпы алғанда, агросекторды дамыту — еліміз үшін стратегиялық маңызды бағыт, алайда оны тек субсидиялармен ғана емес, кешенді реформалар арқылы қолдау қажет.
Қойшыбай Рсалин, «Хромтау аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» ММ басшысы

ПІКІР ЖАЗУ