«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің Ұлытау облысына сапары аясында Сәтбаев қаласындағы «Анненская» шахтасының жұмысшыларымен кездесу өтті.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасы мен 15 наурызда өтетін алдағы республикалық референдум мәселелері талқыланды. Жиында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ депутаттар, заңгерлер және сарапшылық қауымдастық өкілдері қатысты.
Талқылау барысында жаңа Конституция жобасындағы еңбек адамына, өндірістегі қауіпсіздікке, әділ қағидаттарға және мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігіне тікелей қатысты нормаларға ерекше назар аударылды.
Аида Балаева жаңа Конституция жобасы ең алдымен азаматтардың мүддесіне бағытталғанын және еңбек ұжымдары үшін айрықша маңызды құндылықтарды бекітетінін атап өтті.
«Жоба мазмұнының мәні ең алдымен Преамбуладан көрініс табады. Ол «Біз, Қазақстанның біртұтас халқы…» деген сөздермен басталады. Бұл – маңызды әрі терең мағынасы бар тұжырым. Яғни елдің болашағын айқындайтын басты құжаттың негізінде халықтың еркі жатыр деген сөз. Демек, мемлекет қалай дамитынына бәріміз де ортақ жауаптымыз. Преамбулада еңбек адамдарына ерекше жақын құндылықтар көрініс тапқан. Атап айтқанда, еңбек пен білімге құрмет, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік, «Заң мен Тәртіп» қағидаты, әділдік пен орнықты даму бәріміз үшін аса маңызды құндылықтар. Шахтадағы еңбек тұрғысынан қарасақ, бұл қағидалардың мәні айрықша түсінікті. Тәртіп пен талап болмаса, қауіпсіздік болмайды. Ал әділ ереже мен жауапкершілік болмаса, ұжымда да, қоғамда да сенім болмайды», – деді Аида Балаева.
Кездесуге қатысушылар өнеркәсіптік өңір үшін, сондай-ақ «Анненская» шахтасы сияқты кәсіпорындар үшін еңбек қауіпсіздігіне, өндірістік тәртіпке, ережелердің болжамдылығына және жұмысшы мамандықтарына құрмет көрсетуге қатысты нормалардың ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Әңгіме барысында жаңа Конституция жобасында еңбек жағдайларының тиісті деңгейде қамтамасыз етілуі үшін жауапкершілік анағұрлым нақты айқындалатыны, ал өндірістегі қауіпсіздік қазіргі заманғы әлеуметтік саясаттың негізгі стандарттарының бірі ретінде қарастырылатыны атап өтілді.
Сондай-ақ, өнеркәсіп саласы бетпе-бет келіп отырған заманауи сын-қатерлерге де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өндірісті цифрландыру, автоматтандыру, мониторинг жүргізу және азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау мәселелері сөз болды.
Технологиялардың дамуы қауіпсіздік кепілдіктерін күшейтумен қатар жүруі тиіс екені, оның ішінде жеке деректерді және цифрлық коммуникацияларды қорғау мәселелері де маңызды екені айтылды.
Заңгер Серік Ақылбай конституциялық өзгерістердің құқықтық маңызына тоқталып, Ата Заң нормалары тек абстрактілі тұжырымдар күйінде қалып қоймай, адамның мүддесіне, оның қауіпсіздігі мен әділеттілік қағидаттарына нақты қызмет етуі қажет екенін атап өтті.
«Жаңа Конституция елімізге қажет. Өйткені осы жылдар ішінде Қазақстан түбегейлі өзгерді. Егер 1995 жылғы Конституция тәуелсіз мемлекет қалыптасуының аса күрделі кезеңінде қабылданса, бүгінде біз болашаққа сеніммен қарап, алдымызға жаңа міндеттер қойып отырмыз. Ең маңыздысы – қазіргі жоба үлкен ортақ еңбектің нәтижесі болды. Оны әзірлеуге ғалымдар, заңгерлер, сарапшылар, қоғам өкілдері қатысты. Ел азаматтарынан мыңдаған ұсыныстар түсті. Сондықтан бұл құжатты шын мәнінде халықтық сипаттағы құжат деп айтуға толық негіз бар. Онда Мемлекет басшысы ұсынған бастамалар да, қоғамның әділеттілікке, тұрақтылыққа және қуатты мемлекет құруға деген сұранысы да көрініс тапқан», – деді ол.
Кездесу барысында өндіріс өкілдері де сөз сөйлеп, еңбек ұжымының ұстанымын білдірді. Олар кеншілер қауымы үшін ең алдымен өндірістегі қауіпсіздік, тәртіп, әлеуметтік қорғалу және еңбек адамына деген құрмет айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
«Мен Шығыс Жезқазған кенішінде тау-кен шебері болып жұмыс істеймін және бұл саланың қаншалықты үлкен жауапкершілік пен жоғары кәсібилікті талап ететінін жақсы білемін. Өндірісте әрбір адамның еңбегі ортақ нәтижеге қызмет етеді. Сондықтан тәртіпті сақтау мен қауіпсіздік талаптарын қатаң орындау – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Сол себепті жаңа Конституцияда еңбек адамының құқықтары мен оның әлеуметтік қорғалуына ерекше мән берілгені біз үшін аса маңызды. Заң үстемдігі, әділеттілік және тең мүмкіндіктер – өндіріс саласында еңбек етіп жүрген адамдар үшін ертеңгі күнге сеніммен қарауға мүмкіндік беретін берік негіз», – деді Асылхан Талыпов.
Бұл ойды аға буын кеншілер де жалғастырып, өнеркәсіптік өңір үшін еңбек, әділеттілік және заң қағидаттары әрдайым басты құндылық болып келгенін атап өтті.
Мен Жезқазған өңіріндегі кеніштерде қырық жылға жуық еңбек етіп келемін. Сол себепті Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің қандай күрделі кезеңдерден өткенін жақсы білемін. Бүгінде Қазақстан қалыптасу кезеңінен өтіп, дамудың жаңа белесіне көтерілді. Мұндай уақытта мемлекеттілікті нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және болашақ үшін берік негіз қалыптастыру айрықша маңызды. Жаңа Конституцияның біз үшін маңызы зор. Өйткені онда әділеттілік, Заң мен Тәртіп қағидаттары, еңбекке деген құрмет бекітіледі. Сондай-ақ елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығы қорғалады. Мен бұл құжат адал еңбегімен өмір сүріп жатқан әрбір адамға тірек болатын негізгі құндылықтарды айқындайды деп сенемін», – деді Тұрсынбек Мәкішев.
Азаматтардың тікелей өз пікірін білдіру тетігі ретіндегі референдумның маңызы және қоғамның тағдырлы шешімдерді талқылауға белсенді қатысуының қажеттілігі туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай да өз пікірін білдірді. Ол экология мәселесіне ерекше назар аударып, жаңа Конституция жобасында табиғатқа ұқыпты қарау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің маңызды бөлігі ретінде қарастырылатынын атап өтті. Депутаттың айтуынша, қоршаған ортаны қорғау, жердің, судың және ауаның тазалығын сақтау, сондай-ақ экологиялық жауапкершілікке қойылатын талаптарды күшейту қоғамның сұранысы ғана емес, елдің одан әрі дамуына бағыт беретін тұрақты құқықтық бағдарға айналуы тиіс.
Қоғам өміріндегі жауапкершілік, құқықтық тұрақтылық және заңның рөлі мәселесіне қылмыстық құқық пен криминология саласының маманы Нұрлан Дулатбеков те тоқталды. Ол құқықтық мәдениеттің маңызына, қоғамдық келісімнің құндылығына және ел болашағын айқындайтын шешімдерді қабылдауда азаматтардың саналы түрде қатысуының қажеттілігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар Нұрлан Дулатбеков жаңа Конституция халыққа түсінікті әрі жақын болуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, құжатта білім, ғылым, мәдениет және адами капиталды дамыту басымдықтарының айқын көрініс табуы – Қазақстан дамуының жаңа кезеңге қадам басқанын білдіреді.
Кездесу барысында шахтерлер мен еңбек ұжымы өкілдеріне жаңа Конституция жобасының негізгі қағидалары бойынша жан-жақты түсіндірме беріліп, коалиция мүшелерімен ашық пікір алмасу өтті. Диалогқа қатысушылар еңбек адамдары үшін ең алдымен түсінікті әрі әділ қағидалардың болуы, өндірістегі қауіпсіздік, кәсібилікке деген құрмет және ертеңгі күнге деген сенімділік ерекше маңызды екенін атап өтті.
Жиын соңында алдағы референдум азаматтардың ел болашағын айқындауға тікелей қатысуының маңызды кезеңі болатыны айтылды. Сондай-ақ, еңбек ұжымдарының бұл бастаманы қолдауы қоғамның конституциялық өзгерістерге деген жоғары қызығушылығы мен белсенді азаматтық ұстанымын айқын көрсететіні атап өтілді.
