Эльмұрат БОЛАТОВ,
Хромтау аудандық мәслихатының төрағасы:
— Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
тиімді мемлекеттік аппарат құру мен халық үніне құлақ асатын жүйені нығайтуға ерекше басымдық берді. Мемлекеттік қызметтің жаңа санаты — сайланатын әкімдерді кешенді даярлау қажеттігі өзекті мәселе екені сөзсіз. Себебі, басқару қызметі белгілі бір кәсіби дағдыларды, басқарушылық және әкімшілік құзыреттерді талап етеді. Әсіресе, мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ азаматтарға мұндай білім мен тәжірибе өте маңызды. Бұл орайда Президент Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырды. «Әкімдер мектебі» жобасы — әкімдердің өз міндеттерін сапалы атқаруына жағдай жасап, кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз.
Қасым-Жомарт Кемелұлы жұрттың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сенетінін атап өтті. Президенттің айтуынша, жыл сайын халықтан түсетін өтініштердің саны артып келеді. Бұл — халықтың өз проблемаларын билікке жеткізуге сенімі артып отырғанын, әрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының дұрыс бағытта жүзеге асып келе жатқанын көрсетеді.