Ақтөбе облысында білім туризмін дамыту бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Өңірдегі білім беру ұйымдары бұл салаға ерекше көңіл бөліп, халықаралық бағдарламаларды табысты енгізіп келеді. Соның ішінде, Болашақ халықаралық бағдарламасы, ЖОО-дағы академиялық ұтқырлық бағдарламасы және Erasmus+ сияқты жобалар білім алушылар үшін зор мүмкіндіктер ұсынады. Бұл туралы облыстық Жастар саясаты мәселелері бойынша басқармасының басшысы Мейірхан Ермағанбетов ақпараттандырды.
«Академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы студенттер шет елдерде білім алып, заманауи тәжірибе жинақтайды. Өткен жылы өңіріміздің 70-тен астам студенті АҚШ, Әзірбайжан, Түркия, Қытай және басқа да елдерге барып, өз салаларында білімдерін тереңдетті. Бұл тек жеке тұлғалардың дамуына ғана емес, сонымен қатар өңірімізге жаңа идеялар мен білімді әкелуге ықпал етеді. Қазіргі таңда Ақтөбе облысының төрт жоғары оқу орнында 22 737 студент білім алуда. Оның ішінде 1 357 шетелдік студент бар. Шетелден келгендердің көпшілігі Үндістаннан (960 студент), Өзбекстаннан (219), Пәкістаннан (125) және Ресейден (29). Бұл көрсеткіштер өңірдегі білім беру жүйесінің халықаралық деңгейде сұранысқа ие екенін дәлелдейді» — деді басқарма басшысы.
Спикердің айтуынша, халықаралық бағдарламалар да қарқынды дамып келеді. Мысалы, Литва университетімен бірге «Қоғамдық денсаулық сақтау», Өзбекстанмен «Стоматология» бағдарламалары бойынша қос дипломды білім беру жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Түркия университетімен «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша жаңа жоба іске қосылмақ. Атап өту керек Хериот-Уатт университетінің Ақтөбедегі кампусы білім туризмін дамытуға ерекше үлес қосуда. Кампуста шетелдік профессорлар жұмыс істеп, Өзбекстан мен Ресейден келген студенттер білім алуда. Жақында академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында екі топ студент Хериот-Уатт университетінің Эдинбург және Малайзиядағы кампустарына аттанған.