Бүгін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Ақтөбе облысында «Таза кәсіп — Таза аймақ» өңірлік акциясы өтті.
Акция аясында Ақтөбе облысының шағын, орта және ірі кәсіпкерлік ұйымдары іргелес аумақтар мен аулаларын жинады.
Сонымен қатар, акция аясында Ақтөбе қаласының әкімдігі «Ақтөбе қаласының кәсіпорындары мен ұйымдары арасында абаттандырылған орын» байқауын жариялады.
Байқауға 14 кәсіпкерлік нысаны қатысуда. Олардың қатарында «Динар-Электромаш» ЖШС, «Jadyra ‘ s» және «Классик» сауда үйлері, «Інжу», «Жас отау» мейрамханалары, «Дару жарығы»офтальмологиялық орталығы бар.
Түстен кейін жеңімпаздарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Ақтөбе облысында елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру, өзендердің, көлдердің, бұлақтардың жағалауларын тазарту және т. б. бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізілді.
Жалпы, ақтөбеліктер Ел Президентінің үндеуін ерік-жігерімен қабылдап, өткізіліп жатқан барлық акцияларға белсенді қатысуда.
Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап облыс бойынша «Таза Қазақстан» акциясына 279 077 тұрғын, 6 672 мекеме мен кәсіпорын қатысты.
Барлық тұрғындарды экологиялық акцияға белсенді қатысуға шақырамыз!