

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының өзге де мүшелері «Ақтөбе рельс – арқалық зауыты» кәсіпорнында теміржол саласының қызметкерлерімен кездесті.
Диалог тікелей өндіріс алаңында өтті. Мұнда күн сайын мемлекеттің теміржол инфрақұрылымына қажет өнімдер шығарылады.
Ерлан Қарин экономикалық тұрақтылық пен өңірлер арасындағы орнықты көлік байланысын қамтамасыз ету ісіндегі теміржолшылар еңбегінің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Ата Заңның жаңа редакциясы мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағдарын күшейтіп, еңбек құқығын қорғау кепілдіктерін бекітеді және еңбек адамының мәртебесін арттырады.
ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дания Еспаева жоба аясында көзделген институционалдық өзгерістерге назар аударды. Сондай-ақ ол жаңа Конституция орнықты экономикалық даму мен инвестициялық белсенділікке құқықтық жағдай жасайтынын атап өтті.
ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев құжаттың құқық қолдану тұсына тоқталды. Ол жаңа нормаларды жүзеге асыру тетіктерін түсіндіріп, заң үстемдігі мен азаматтардың құқығын, бостандығын қорғауға қатысты практикалық құралдардың рөлін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Жаңа Конституция жобасы мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруға және елдің ұзақ мерзімді дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталғанын мәлімдеді.
