Бөгетсай ауылдық мәдениет үйі және кітапхананыңұйымдастыруымен жергілікті ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қызмет Нұралиннің 85 жылдығына арналған «Ордың жыры» атты әдеби кеш өткізілді.
Іс-шарада ақынның мәнді ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде айтылды.
Кешті ауылдық кітапханашы Несібелі Жиенбаеважүргізіп, ақынның шығармашылық өмір жолына тоқталып өтті.
Жүрегі жырлаудан, сырлы саздар тербеуден жалықпаған Қызмет Нұралиннің артында қалған өлеңдерін Бөгетсай мектеп-гимназиясы мен Қарлау бастауыш мектебінің оқушылары ерекше бір рухпен, сезіммен оқыды. Шарада ақын сөзіне жазылған «Ордың орғыл құмында» әні орындалды.
Әдеби кеште ақынның ұрпақтары, ауыл тұрғыны Дүзбай Андашев, Хромтау аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұргүл Аманғалиева ақын туралы естеліктерімен бөлісіп, игі іс-шараның өтуіне ықпал жасаған ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Кеш соңы ауылдық кітапхана мен аудандық тарихи-өлкетану музейінің «Туған жер — менің тағдырым»атты ақынның өмірі мен еңбек жолы туралы арнайы кітап көрмесімен жалғасып, оған мұражайдағы құнды заттар мен тарихи жәдігерлер қойылды.
Ж.ТОКИН,
Бөгетсай ауылдық мәдениет үйі
құрылым бөлім басшысы