"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР МЕН ІРІ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

 

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов аудан орталығын аралау барысында бірқатар әлеуметтік нысандарды қарап, ауданда жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың жай-күйімен танысты.
Аудан басшысы алдымен қайта жанданған аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бақылап, күрделі жөндеуден өтіп жатқан №2 және №4 мектеп-гимназияларындағы жұмыс барысын тексерді.
Қазіргі таңда спорт кешенінің құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Үлкен ойын залына арнайы паркет төселуде, бокс залы жабдықталып, құбыр жүргізу жұмыстары қарқын алған. Жұмыстардың сапасына ерекше назар аударған әкім нысан аумағында абаттандыру жұмыстарын дереу бастауды тапсырды.


Мектептердегі жөндеу жұмыстары да әкім назарынан тыс қалмады. Атап айтқанда, №2 Хромтау гимназиясында күрделі жөндеу жұмыстарын «Кварц-Спецсервис» ЖШС жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта жұмыстардың 70 пайызы орындалған. Ішкі әрлеу, инженерлік желілерді жаңарту, терезе мен есіктерді ауыстыру жұмыстары жалғасуда. Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, жаңа оқу жылына дейін аяқталмақ.
№4 Хромтау орта мектебінде де күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Ғимарат 1970 жылы салынған, ал жөндеудің жалпы сметалық құны — 496 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын «Алихан-3» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда ғимаратты сайдингпен қаптау, шатырды жаңарту, терезе мен есіктерді алмастыру жұмыстары атқарылуда. Бүгінде жұмыстардың 80 пайызға жуығы аяқталды. Аудан әкімі барлық жұмыстарға оң баға беріп, жаңа оқу жылына дейін аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар аудан әкімі жол жөндеу жұмыстарына да ерекше назар аударды. Ол Хромтау қаласы мен ауылдарға тартылып жатқан жол құрылысын қадағалау мақсатында Аққұдық ауылына апаратын жол учаскесінде болды. Бұл жобаның бас мердігері — «АссанаДорСтрой» ЖШС. Ауыспалы нысан ретінде есептелетін жол жобасының жалпы құны — 1 292,153 млн теңге. Биыл бөлінген 725,725 млн теңгеге 14 шақырым жолға ірі түйіршікті асфальт төселіп жатыр. Айта кету керек, өткен жылы осы бағытта 7 шақырым тас жол төселген болатын.
— Аққұдық пен аудан орталығын байланыстыратын жолдың сапасына ерекше көңіл бөліңіздер. Ауа райының қолайлы сәттерін тиімді пайдаланыңыздар. Басты талап — сапа, — деді аудан әкімі жұмыс барысымен танысу барысында.
Сапар аясында аудан әкімі Аққұдық ауылына қарасты Көктау ауылында жүргізіліп жатқан ауыз су желісінің құрылысымен де танысты. Қазіргі таңда резервуар тұғырының құрылысы басталып, 11,1 шақырым ауызсу құбыры тарту жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны — шамамен 800 миллион теңге. Нысанның бас мердігері — «Элитстройсервис-Актобе» ЖШС.
— Бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан ауыз су мәселесін шешуге баса назар аударып отырмыз. Бұл — халықтың күнделікті өміріне қажетті ең маңызды жоба. Барлық жұмыстарды сапалы әрі уақтылы орындау қажет. Қолдау көрсетіледі, — деді аудан басшысы.
Аудан әкімі жүргізіліп жатқан жұмыстардың басым бөлігі әлеуметтік маңызы зор жобалар екенін атап өтіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жасалып жатқан игі істер жалғасын табатынын жеткізді.

Алмат Зейнолла

ПІКІР ЖАЗУ