"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Алтынтой мен азаматтық жауапкершілік

Референдум күні дауыс берушілер арасында алтынтой иелері көпшілік назарын бірден аударды. Жарты ғасыр отасқан жұбайлар үшін референдум қоғамдық маңызы зор шара ғана емес, отбасылық үлкен мерекемен де тұспа-тұс келуімен есте қалатын болды.
Осыдан тура 50 жыл бұрын 15 наурыз күні Жақсылық Айжан мен зайыбы Амида Жолдасова шаңырақ көтерген екен. Жарты ғасырлық тойын атап өтуге дайындалып жатқан ерлі-зайыптылар референдумға қатысып, азаматтық борышын орындады.
Елу жыл бойы тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан Жақсылық Айжан мен Амида Жолдасованың отбасы көпке үлгі. Олардың отбасылық өмірі өзара құрметке, түсіністікке және бір-біріне деген қамқорлыққа негізделген. Амида Жолдасова саналы ғұмырын бала тәрбиесіне, шаңырақтың берекесін арттыруға арнаса, Жақсылық Айжан 35 жыл облыстық телеарнада жемісті еңбек етті. Ол — Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Байғанин ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисі, республика журналистері арасында «Алтын медаль» иегері.
Ерлі-зайыптылар бес баланы — екі ұл мен үш қызды тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 14 немеренің қызығын көріп отыр. Жақсылық Айжанның айтуынша, референдумға қатысу алтынтой иелері үшін азаматтық ұстанымның көрінісі.
— Саналы ғұмырымызда түрлі кезеңді бастан өткердік. Өмірлік тәжірибемізден түйгеніміз, елдегі тұрақтылық пен халық бірлігі, тәуелсіздік бәрінен қымбат. Конституция — мемлекеттің негізі, балаларымыз бен немерелеріміздің болашағының кепілі, — дейді ол.
Ерлі-зайыптылар қала тұрғындарын да қоғамдық маңызы зор шараға бейжай қарамай, референдумға бір кісідей қатысуға шақырды. Жұбайлардың пікірінше, әр азамат ел болашағына ықпал етіп, таңдауға өз үлесін қосуға тиіс. Өйткені «Отан отбасынан басталады». Бұл отбасының өнегелі өмір жолы — жеке адам мен ел тағдырының өзара астасып, сабақтасып жататынының айқын көрінісі. Референдумға бірге келген алтынтой иелері қабылданатын шешімдер мен Конституция қағидаттары Қазақстанның дамуына, тұрақтылық пен заң үстемдігін нығайтуға және келер ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз етуге қызмет ететініне сенім білдірді.
Ақжардағы №523 сайлау учаскесінің төрағасы Асылай Абжанованың айтуынша, учаскеде 2 763 сайлаушы тіркелген. Оның жиырма екісі — биыл 18-ге толған, яғни алғаш рет дауыс беретін жастар. Осы учаскеге бекітілген екі тұрғын өз үйінде отырып дауыс береді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ